Басты ақпаратҚоғам

Цифрландыру үдерісі – келешекке жол

Ел мүддесі мен мұраты һәм міндеттері қашанда маңызды. Бағыттары бір, ортақ тұстары, тағылымы да мол. Арнаулы әдебиет пен оқу құралдарында да кең орын алған-ды. Бұдан бөлек, әсіресе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел мүддесі мен мұраты һәм міндеттері, оны жүзеге асыру жолдары кең көлемде қарастырылады.

Жолдаудың бас­тапқы тұсында әлемдік құбы­лыстар, ішкі-­сыртқы саясат­тағы әр қилы ахуал, жаңа тарихи дәуірге қадам басқан адамзаттың даму үрдістері, көзқарастар қайшылығы, ұстаным жүйесі, бағыт-бағдары баян­далады. Адамзат қоғамындағы мазасыз шақ, алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы кереғар жайттар, күрделі де қайшылықты қақтығыстар мәні айқындалады. Ішкі-сыртқы саясаттағы көпқабатты құбылыстар, әлем экономикасындағы тұрақсыз да теңсіздіктер, жасанды интеллект негізіндегі теңдессіз табыстар, экологиялық және техногендік апаттар салдары, этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандылық, адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы, көші-қон дағдарысы, әсіре ұлтшылдық бағыттардың қырлы-сырлы тұстарына назар аударылады.

Бұдан кейінгі жерде Қазақстанның әлем қауымдас­тығындағы орын-үлесі, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы алыс-жақын елдер тәжірибесі негізінде бірқатар салыстыру-талдау арқылы дамып, маңызы мен ерекшелігі кеңінен қозғалады. Ондағы ауқымды да іргелі реформалар, халықтың әл-ауқатын және әлеуетін арттыру бағытындағы стратегиялық мақсаттар, игілікті істер, игілікті қадамдар хақында кемел де келелі ойлар қозғалады. Оның басты һәм басым бағыттары хақында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болу керектігіне мықтап табан тірейді. Мұның мәні: жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технология­сын барынша енгізу негізінде ел дамуын, оның экономикасын жаңғырту ісі көзделеді. Бұл бағытта, алдымен, Цифрлы кодекс қабылданады. Заң аясында цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары айқындалып, оның құрамдас бөліктері – жасанды интеллект, платформалық экономика, бірқатар дерекқор көзі, өзге де өзекті мәселелердің қамтылу жайы көзделеді. Мемлекеттің басқару жүйесі, азаматтар мүддесі де осы бағытта өріс алады. Бастысы, осы бағытты жүзеге асыру Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатындығымен айқындалады.

Жолдауда бірқатар өзекті мәселеге басымдық беріледі. Оның алғашқысы – елімізге қомақты инвестиция тарту. Бұл бағыт дамыған елдерде бастапқы орынға ие болған-ды. Демек, жаңа инвестициялық кезең тұсында өңдеу саласына, маңызды жобалар мен бизнес бастамаларына басымдық беру көзделген. Цифрлы теңгенің енгізілуіне, криптоактивтерге, цифрлы қаржы жүйесіне, құзырлы органдар құрылымын жетілдіруге, арнайы экономикалық аймақтарға маңыз беріліп, ол негізінен ел дамуына сүбелі үлес қосуымен байланысады. Осының негізінде киберқылмыстардың алдын алуға, онлайн-алаяқтық, қаржылық қауіпсіздіктің мәнін айқындап, қоғамның, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға да назар аударылады.

Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-­логистиканы одан әрі дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту бағыттарына жіті ден қойылады. Сондай-ақ тау-кен металлургиясына, қуат көздерін арттыру ісіне, ілеспе газ бен сұйы­тылған мұнай газын қажетке жарату, көмір энергетикасын ел игілігіне айналдыру, геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жер қойнауының заманауи картасын жасау, агроөнеркәсіптің әлеуетін толық ашу, агрохабтар мен логистика орталығын дамыту, азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту жайы да қозғалады. Сонымен бірге жер қатынастарын реттеп, игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару, еліміздің транзит әлеуетін көтеру, әуемен және контейнерлермен жүк тасымалдау, туризм және кадр ісіне тың серпін беру ісі кеңінен көзделеді. Құрылыс және Су кодексінің маңызды фактор екені аталып өтеді. Тазалық мәдениетін қалыптастыру ісінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жан-жақты дамытуға, бұл істің кең өріс алуына мән беріледі.

Адам капиталы қоғамның басты қозғаушы күші ретінде аталып, білім беру ісінің ма­ңызы айқындалады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы мектеп құрылысы, AI-Sana бағдарламасы, жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалын дайындау, ұстаздардың оны меңгеру дағдысын қалыптастыру ісін жүзеге асыру кең түрде көзделеді. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazag Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу ісі алға қойылады. Мұның мәнісі мынада: аталған платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен кең түрде қамтамасыз етіп, олардың да қаладағыдай білім алып, жан-жақты жетіліп, іргелі ізденістеріне мол мүмкіндік, кең өріс береді.

Сонымен бірге білім экономикасының маңызына кең орын беріліп, бұл бағытта білім, ғылым һәм инновация салаларын бас­қару жүйесіне көп көңіл бөлінеді. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер жүйесі нақты нәтижеге жұмыс жасайтыны аталып өтеді. Маңыздысы, әрине, жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беру, дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттілігі де негізгі назарға алынады. Бұдан басқа, білікті мамандарды елге қайтару, мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту, кадр тапшылығын жою бағытында көші-қон саясатын қайта қарау, техникалық бағыттағы мамандықтарды меңгерген өз ісінің шеберлерін тиісінше қолдап, тиімді де тиісті жағдайлар жасау қажеттілігі қозғалады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» еңбек адамына құрметті арттырып, лайықты жалақы беріп, қоғамның белсенді мүшесі ету жайы қозғалады. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, елдегі демографиялық үрдісті зерделеу, денсаулық жүйесін дамыту, мәдениет пен өнердің дамуын қамтамасыз ету, бұқаралық спорт пен футбол клубтарының кең өріс алуына жағдай жасау ісі де кеңінен қозғалады.

Маңыздысы, Қазақстанды одан әрі қарқынды дамыту бағытында жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру ісін еліміздің барлық саласына ендіру, әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болу, тәрбие мен тәлім – отан мен отбасында басымдық алу жайы – ел дамуының жемісті, нақты көрсеткіші екені байыпты баяндалады. Бастысы, жаңа саяси реформа туралы да тиісті тұста айтылады. Бұл ретте алдымен парламенттік реформа мәні мен қажеттілігі қозғалады. Әділетті Қазақстан құру ісінде бір палаталы Парламенттің маңызы зор екеніне мән беріліп, оның өзі қазіргі кезеңде қажеттілік екені әр қырынан қарастырылып, кеңінен сөз етіледі. Ел мүддесі мен жауапкершілік жүгі мол игілікті іс екені де кең түрде айтылады. Жалпыұлттық референдум өтіп, Парламент партиялық тізім бойынша сайланатыны атап көрсетіледі. Парламенттік реформа ел дамуы жолындағы жарқын да жасампаз қадам екеніне маңыз беріледі. Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел мүддесі мен жауапкершілік жүгі алға шығып, болашақ бағдары айқындалады.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button