Қала мен сала

Цифрландыру тазалық жүйесін өзгертті

«Астана Тазалық» «KazTraffic-2025» көрмесінде жаңа мүмкіндіктерін таныстырды. Іс-шараға Қазақстанмен қатар Қытай, Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан және басқа да елдерден 300-ден астам компания қатысты. Ауқымды жиында елорданың санитарлық жүйесін қалыптастыратын негізгі кәсіпорын – «Астана Тазалық» ЖШС шаһар тазалығын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан цифрлық өзгерістерді кең көлемде ұсынды.

«Астана Тазалық» таныс­тырған негізгі жаңалық – қаланың санитарлық қызметін толық цифрландыруға бағытталған мониторинг экожү­йесі. Жүйе GPS бақылауын, жанармай шығыны жөніндегі онлайн-есепті, электронды жол парақтарын, техниканың маршрутын талдауды және техникалық жағдайын тексеруді бір арнаға біріктіреді.

Жүйеде картографиялық талдау модулі де бар. Ол белгілі бір аумақтың тазалау жиілігін, жүктемесін және жұмыс қарқынын көрсетеді. Мәселен, қыста қар түсетін кезеңде қай аумақта техника жиі тоқтайтыны, қай жерде жұмыс баяулайтыны автоматты түрде көрінеді. Осылайша маршрутты өзгерту немесе жүктемені бөлу оңай болмақ.

Кәсіпорын қызметкерлерінің денсаулығы мен жұмысқа жарамдылығы – санитарлық жүйенің тұрақты жұмысындағы маңызды фактор. Осы бағытта «Астана Тазалық» қызметкерлердің күнделікті медицина тексерісін автоматты түрде тіркейтін «Med365» және «Адал чек» жүйелерін таныстырды. Бұл жүйелер жұмысқа шыққан әр қызметкердің көрсеткішін дер кезінде бақылап, қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді. Құжат айналымы да толық автоматтандырылып келеді. Ішкі бұйрықтар, жұмыс тапсыр­малары, маршрут парақтары, техникалық тексеріс актілері мен есеп құжаттары электрондық форматта рәсімделеді. Бұл қызметкерлердің уақытын үнемдеп қана қоймай, ақпараттың жоғалуын немесе кешігуін болдырмайды. Сонымен қатар жұмыс тәртібінің ашықтығын арттырады.

Көрме аясында ерекше қы­зығушылық тудырған жобалардың бірі – балаларға арналған «Tazalike» интерактив ойыны. Бұл ойын қаланың санитарлық жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруді, қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретуді, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеді. Ойын барысында балалар шағын виртуалды қала моделінде түрлі тап­сырмалар орындайды.

«KazTraffic-2025» көрмесіне қатысу арқылы «Астана ­Тазалық» өзінің негізгі бағыттарын – санитарлық қызмет сапасын арттыруды, заманауи технологияларды енгізуді, экологиялық мәдениетті күшейтуді және цифрлық шешімдер арқылы жұмыс тиімділігін көтеруді нақты көрсетті.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button