Басты ақпаратҚұқық

Цифрландыру – қылмыспен күрестің тиімді амалы

Бүгінгі таңда құқық қорғау саласына ақпарат технологиялары қарқынды түрде енгізілуде. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйелері белсенді қолданылады. Көшелер мен қиылыстарда, тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінде, сауда объектілерінде, көңіл көтеру орындарында бейнекамералар үздіксіз жұмыс істейді. Олардың қаладағы қылмысты азайтудағы әсері және жалпы цифрландырудың полиция жұмысындағы тиімділігі туралы Астана қаласы Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Бақберген ҚАЛТАЙДАН сұрадық.

– Елордада құқық қорғау қызметін цифрландыру жұмысы қалай жүргізілуде?

– Бүгінде ІІМ-нің цифрлық экожүйесі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологиялардың рөлі айрықша. Соның ішінде интеллектуалды бейнекамералар экожүйе­нің негізгі элементіне айналды. Бұл камералар адамның бет-жүзін, әртүрлі затты, қару-­жарақ пен түтінді анықтай алады. Адам көп жиналған жерлерді де автоматты түрде белгілейді. Бұдан бөлек, олар адамның жынысы, жасы, бетінде маска немесе көзілдіріктің бар-жоғын да таниды. Осы мүмкіндіктердің арқасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен оларды дер кезінде анықтау едәуір жеңілдеп келеді. Сонымен қатар патрульдік қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін «ақылды» жетондар мен көзілдіріктер енгізіліп жатыр. Олар арқылы іздеуде жүрген азаматтар мен арнайы есептегі көліктерді тануға болады. Жүйе бүкіл ақпаратты автоматты түрде жедел басқару орталығына және қызметкерлердің планшетіне жібереді.

Тағы бір маңызды жаңалық – жол қиылыстарында орнатылып жатқан «ақылды жаяу жүргінші өткелі» жүйесі. Құрылғы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған ереже бұзушылықты тіркеп, тиісті ақпаратты бірден патруль қызметкерінің планшетіне жеткізеді. Барлық шешімнің басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін арттыру, азаматтардың өздерін сенімді әрі қорғалғанын сезінуіне жағдай жасау.

Астанада жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар тесттен өтуде. Қала аспанында интеллектуалды видеобақылау жүйесі бар дрондар жұмыс істей бастады. Олар тек жол ережесін бұзушыларды анықтап қана қоймай, полицияға көліктерді жедел із­деуге көмектеседі. Интеллектуалды видеобақылау жүйесі бар дрондар бұзушылықты жылдам анықтап, алдын алу шарасын қолдануға мүмкіндік береді. Бұл жол-көлік оқиғасының санын азайтып, жол тәртібін күшейтеді.

– Жүзеге асып жатқан басқа қандай ірі жобаларды атап айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда әрбір патруль полицейі өшірілмейтін, ауа ра­йына және геолокацияға қарай жұмыс істейтін «смартжетондармен» қамтылған. Операторлар және жедел басқару орталығы онлайн түрде бейнені қадағалап, қызметкердің бағытын бақылай алады. Бұл шара жол қозғалысы бұзушылығын автоматты түрде анықтауды жеңілдетті. Соған қоса «Жол қозғалысы бақылауы» және «Қорғау» мобильді қосымшасы іске қосылды. Елордада жолдарда 34 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар барлық жол бұзушылықтың 60 пайызын автоматты түрде анықтайды. «Қорғау» жобасы жалған нөмірлерді, сақтандырусыз көліктерді, іздеуде жүрген, айыппұлын төлемеген жүргізушілерді идентификациялайды. Бұл ақпарат офицерлердің планшетіне және жедел басқару орталығына жіберіледі.

– Цифрландыру жобаларының қаладағы қылмысты азайтуға ықпалы қандай?

– Цифрландыру жобаларының елордада қылмысты азайтуға нақты әрі елеулі ықпалы бар. Бұл әсер бірнеше нақты бағыт бойынша байқалады. Біріншіден, қылмыстың ашылу деңгейі артты. Бейнебақылау жүйесі арқылы 20 мың әкімшілік құқық бұзушылық, 1500-ден астам қылмыстық іс, 2800 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Қаланың «ақылды» камералармен жабдықталуы қылмыскерлерді жедел анықтап, ұстауға мүмкіндік береді. Көшедегі және қоғамдық орындардағы қылмыс азай­ды. Камералар орнатылған аймақтарда ұрлық, тонау, бұзақылық секілді қылмыс саны 30-40 пайызға төмендеген. ­Патрульдік полицияның тиімділігі артты. Бейнетіркеу құралдары және планшет арқылы тәртіп бұзушыларды онлайн режимде анықтау, автокөліктерді бақылау және қылмыскерлерді ­автоматты түрде табу мүмкін ­болды.

Полицейдің іс-әрекеті бейнетіркеуде жазылады – бұл сыбайлас жемқорлықты азайтып, халық сенімін арттырды. Жедел әрекет ету уақытты үнемдеді. Қоғамдық орындарда болған оқиғаларға жедел ден қою мүмкіндігі артты. Камералар, алгоритмдер, жасанды интеллект негізінде дабыл беріліп, тиісті бөлімшеге бағытталады. 2021-2024 жылдар аралығында Астанада ауыр және аса ауыр қылмыстар 20-25 пайызға төмендеді, қоғамдық орындардағы қылмыс 30 пайызға азайды, кісі өлтіру, тонау, ұрлық бо­йынша ашылу көрсеткіші 70 пайыз және одан жоғары деңгейге жетті. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы іске асуда. Қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс толық құрылды.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button