Басты ақпаратШартарап

Чип – күш пен қауіптің символы

Қазір шиеленісіп тұрған сауда соғысының басты себебі АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық үстемдікке талас екені айтпаса да түсінікті. Өйткені чип өндірісі – бәсекенің ең негізгі өзегі, барлық заманауи технологияның (смартфон, автокөлік, әскери техника, AI жүйелері) жүрегі. Екінші тұрғыдан, жаһандық жартылай өткізгіш (чип) нарығының жылдық құны 6000 миллиард АҚШ долларынан асады және ол триллион долларлық электронды өндіріс тізбегін алға сүйрейді. Кім осы негізгі технологияны бақыласа, сол пайда бөлудің тізгінін ұстайды әрі жаһандық жабдықтау желісінің жетекшілігін қолға алады.

Үстемдік үшін тартыс

Соңғы жылдары Қытайдың чип экспорты жылдан жылға өсіп келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 159,5 миллиард долларға жетіп, 17,4% өскен. Ал АҚШ оны ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп санайды. Өйткені АҚШ-тың көзқарасы бойынша, Қытай егер жоғары деңгейлі чиптерді өз бетінше өндіре алатын жағдайға жетсе, бұл оның әскери және барлау жүйелерінде тәуелсіздікке қол жеткізіп, АҚШ-пен тең дәрежеде үзеңгі қағыстыратын өреге жетеді де, АҚШ-тың әлемдегі ықпалын әлсіретеді.

Өткен аптада АҚШ Өкілдер палатасындағы Қытай Коммунистік партиясымен стратегиялық бәсеке жөніндегі арнайы комитет төрағасы, республикашыл Джон Муленар осы аптада АҚШ Сауда өкіліне Қытайда өндіріліп, кейін АҚШ-қа әкелінетін соңғы өнімдерге ендірілген барлық чиптерге арнайы баж салығын салуды ұсынды. Бұл пікірін ол 2024 жылдың 11 наурызында АҚШ Сауда өкілдігі (USTR) өткізген тыңдау жиналысында да айтқан болатын. Сондай-ақ ол Қытайға тәуелді болмайтын сенімді ішкі чип өндірісін құруды; Қытайдың субсидияланған чиптерін жаһандық нарыққа демпинг арқылы таратпау үшін Жапония, Оңтүстік Корея, ЕО және Тайваньмен тығыз әріптестік орнатуды ұсынды.

Қазір АҚШ-та Қытай чиптеріне қатысты тергеу-тексеру жүріп жатыр. Қытай чиптерінің нақты қатерін анықтауға бағытталған бұл тексеру 2024 жылдың желтоқсанында басталған. Тергеу дәстүрлі чип өндірісіне және ол қолданылатын қорғаныс, көлік, медицина, авиация, телекоммуникация, энергетика сынды маңызды салалардағы көмес­кі қатерін анықтауға бағытталған. Зерттеу сондай-ақ Қытай үкіметінің іс-әрекеттері мен саясатының карбид кремний (SiC) негізіндегі пластиналар өндірісіне, АҚШ бизнесіне «қисынсыз шектеу қойып, ауыртпалық түсіретін немесе шектеу қоятын» салдарлар әкелу-әкелмейтінін алдын ала бағалайды. Қазіргі таңда көптеген электр көліктері, оларды қуаттау инфрақұрылымдары мен күн энергиясы жүйелері карбид кремнийді барған сайын кеңінен қолдануда.

Егер USTR 301 тергеуі Қытайдың жартылай өткізгіш өнімдерінің экспорты АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп шешсе, Трамп әкімшілігі Қытай чиптеріне еселеп тариф енгізуі мүмкін. Қазіргі таңда АҚШ Қытайда өндірілген жартылай өткізгіш чиптерге 60% кедендік тариф енгізген.

Даудың геосаяси астары

АҚШ-тың Қытаймен «чиптер соғысы» екі бағытта жүріп жатыр: Бір жағынан, АҚШ одақтастарымен бірлесе отырып, Қытайға жетілдірілген чиптер мен озық технологиялардың экспортын шектеуде. Бұл чиптер суперкомпьютерлер, жасанды интеллект, кванттық есептеу саласында қолданылады. Екінші жағынан, Қытай ескі буындағы чип өндірісінде (28 нанометрден жоғары) көш бастап келеді. Олар тұрмыстық техникадан бастап әскери техника мен автокөліктерге дейін кеңінен қолданылады.

АҚШ бұл саладағы Қытай жетістігін үкімет саясатының нәтижесі деп санайды және оны нарықты демпингпен басып қалу қаупі ретінде бағалайды. Strand Consult вице-президенті Рослин Лейтон «Пандемия кезінде біз барлық чиптің маңызды екенін түсіндік, егер жад чипі болмаса, көлік те, басқа техника да жасай алмайсың. Егер Қытайды басты қарсылас деп білсек, чип саудасын толықтай тоқтату керек» дегенді алға тартса, Pamir Consulting компаниясының сарапшысы, әскери барлау маманы Джеймс Мулвенон «Қытай бұл саланы монополияласа, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төнеді. Себебі Қытайдағы жетекші чип компанияларының қорғаныс саласымен байланысы өте күмәнді» деп санайды. CSIS сарапшысы Джеймс Льюис болса, «АҚШ-та сатылатын смартфондардағы чиптердің төрттен үші Қытайдан келеді. Қосымша баж салу Бейжіңге соққы болар, бірақ бұл Qualcomm мен Apple-ге де зиян. Бұл дұрыс қадам емес» деп отыр. Алайда АҚШ-тың импорттайтын чиптерінің ішінде Қытайда өндірілгендерінің үлесі онша жоғары емес. Сауда деректерін жинақтайтын OEC сайтының статистикасына сүйенсек, 2023 жылы АҚШ-тың негізгі чип импорттаушы елдері – Вьетнам, Таиланд, Малайзия, Камбоджа және Үндістан болған.

Сент-Луис Федералды резерв банкінің дерегі бойынша, 2008-2018 жылдар аралығында АҚШ-тың Қытаймен чип саудасы теріс сальдо көрсеткен. Алайда 2020 жылдан бастап жағдай өзгеріп, АҚШ-тың Қытайға чип экспортынан түскен табысы Қытайдан импортталған чиптер көлемінен асып түсті. BIS жүргізген зерттеу мәліметтері бойынша, Қытайдың жетілген технологиялық процессімен (mature process) жасалған чиптер қолданылған өнімдер АҚШ нарығының төрттен үш бөлігін қамтиды. Дегенмен, бұл өнімдердің ішіндегі Қытай чиптерінің құндық үлесі небәрі 1.3%, ал сандық үлесі – 2.8% ғана.

«Albright Stonebridge Group» компаниясының сарапшысы Трие́ллоның пікірінше, Қытай чиптері бар «құрамдас бөліктерге» (компоненттерге) қосымша тариф енгізу – «іске асыруы өте күрделі, шығынды арттыратын, әрі түпкі мақсаты түсініксіз» шара болмақ. «Қытайдың жетілген техпроцеспен (mature node) жасалатын жартылай өткізгіштерінің өндірістік қуатының басым бөлігі – соңғы ондаған жылдар бойы импортқа қатты тәуелді болып келген ішкі нарықтың сұранысын өтеуге бағытталған. АҚШ енгізіп жатқан кедендік баж салықтары Қытайдағы жартылай өткізгіш өндіруші кәсіпорындардың ішкі нарыққа қызмет көрсету мүмкіндігіне әсер ете алмайды» дейді ол.

Тайваньды тірек етіп, Қытайды тежеу

Сонымен қатар Вашингтон Қытай чиптері тыңшылық немесе кибершабуылдарға пайдаланылуы мүмкін деп санап, Huawei мен SMIC сынды компанияларға санкциялар салды. Тайвань арқылы әлемдік чип өндірісін бақылап отырған АҚШ Қытайдың бұл салада күшеюін шектеуге тырысуда.

Қазіргі таңда әлемдегі ең ірі чип (жартылай өткізгіш) өндіруші ел – Тайвань. TSMC (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) – әлемдегі ең ірі чип өндіруші және көптеген жетекші технологиялық компанияларға жоғары технологиялы микрочиптер жеткізеді. Былайша айтқанда, әлемге қажетті чиптердің шамамен 60%-ы Тайванда өндірілсе, ең озық, жоғары технологиялы чиптердің 90%-дан астамы Тайваньның TSMC (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) компаниясына тиесілі. Ал Тайваньнан кейінгі ірі өндіруші елдер қатарына Оңтүстік Корея (Samsung Electronics, SK Hynix), АҚШ (Intel, GlobalFoundries, Micron), Қытай (SMIC – әзірге технологиялық жағынан артта) Жапония және Сингапур кіреді.

TSMC – АҚШ-тың басты серіктесі. Бұған дейін АҚШ Тайваньды Қытайдың ықтимал шабуылынан қорғауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Себебі Тайваньдағы чип өндірісі бүкіл әлем экономикасы үшін аса маңызды. Егер Тайван Қытайға тәуелді болса, онда АҚШ-тың техникалық тұрғыдан көшбасшылық орны да теңселеді. Сосын да екі қолды дайындыққа көшкен АҚШ соңғы жылдары TSMC-ті өз территориясында зауыт ашуға үгіттеді. Нәтижесінде TSMC 2020 жылы Аризона штатында $40 миллиардтық инвестициямен чип зауытын сала бастады. Бірақ бұл зауыт әзірге тек 5 нм және одан жоғары технологиямен жұмыс істейді, ең озық чиптер әлі де Тайваньда жасалады.

Қорыта айтқанда, АҚШ пен Қытай арасындағы «чиптер соғысы» – тек сауда мен экономика емес, технологиялық үстемдік пен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналған жаһандық бәсеке. АҚШ Қытайдың жартылай өткізгіштер нарығында күшеюін стратегиялық қауіп деп бағалап, түрлі шектеулер мен тарифтер енгізіп жатыр. Ал Қытай өз кезегінде ішкі өндірісті күшейтіп, жаһандық нарықтағы орнын кеңейтуге күш салуда. Бұл текетірестің өрши түсуі жаһандық жеткізу тізбегіне, электронды индустрияға және геосаяси ахуалға үлкен әсер ететіні анық. Сондықтан алпауыттар арасындағы бұл текетірес технологиялық жаңа әлемдік тәртіптің алғышарты болуы да мүмкін.

Салдарынан әлем Қытай мен АҚШ-тың екі түрлі техно-лагеріне бөлінуі мүмкін. Бұл ғаламдық стандарттардың, жүйелердің үйлесімсіздігіне әкеліп, халықаралық серіктестікке кедергі келтіруі ықтимал. Екінші тұрғыдан алғанда, чип өндірісі баяуласа, техника, көлік, тұрмыстық заттар қымбаттайды. Бұл жалпы инфляцияны үдетіп, халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Ал Қазақстан Қытаймен де, АҚШ-пен де сауда жасайды. Қайта-қайта салынатын санкциялар мен шектеулер осы саудаға жанама кедергі келтіріп, логистикалық шығындарды еселеп арттыруы мүмкін.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button