Cаябақтағы көңілді старт

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ататүрік саябағында оқушыларға арналған ерекше көңілді старттар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс басталар алдында мектеп оқушыларына Полиция департаментінің өкілі, майор Серік Шапетов сөз сөйледі. Ол балаларға заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын, кәмелетке толмағандардың өз әрекеттері үшін жауапкершілігін, сондай-ақ айналасындағыларға құрметпен қараудың қажеттігін түсіндірді.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу балалармен ашық әрі шынайы әңгімеден басталады. Заңға сәйкес, 14 жастан бастап кәмелетке толмағандар белгілі бір жауапкершілікке тартылады. Біздің мақсатымыз – оқушыларды қорқыту емес, қандай әрекеттердің заң бұзушылық болып саналатынын және оның нақты салдары қандай болатынын түсіндіру. Балалар полицияның жазалаушы орган емес, олардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғайтын құрылым екенін түсінуі керек. Айналаға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және заңды білу – жеке қауіпсіздік пен қоғамдағы тыныштықтың негізі», – деді Серік Шапетов.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілі Нұрислам Батырбек мұндай іс-шараларды спорттық әрі ойын форматында өткізу профилактикалық ақпараттың тиімді қабылдануына ықпал ететінін атап өтті.
«Профилактика спортпен және жағымды эмоциялармен ұштасқанда, ол әлдеқайда жақсы қабылданады. Балалар тек ережелерді ғана емес, өзара құрмет пен ынтымақтастық атмосферасын да есте сақтайды. Мұндай кездесулер жасөспірімдерде заңға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, тәртіп пен командалық рухты дамытуға көмектеседі. Бұл – мектептермен бірлескен жұмысымыздың маңызды бөлігі», – деді ол.
Ресми бөлімнен кейін конькиден спорттық эстафеталар басталды. Оқушылар командаларға бөлініп, жарысқа түсті.
Жарыс арасындағы профилактикалық әңгіме де оқушылардың қызығушылығын тудырды.
«Полиция өкілінің сабырлы, ешкімге ақыл айтпай сөйлегені ұнады, ал мұз айдынында өте көңілді болды. Бірдеңе дұрыс болмай қалса да, команда қолдап отырды. Барлығымызды марапаттағандары да қуантты. Еңбегің бағаланатынын сезінесің. Қыстың соңына дейін тағы да жарысатын шығармыз», – деді Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Арсен Әлиев.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Конькилер мен қажетті құрал-жабдықтардың барлығын іс-шара ұйымдастырушылары қамтамасыз етті.



