Денсаулық

Capital Health форумында елордалықтар тегін медициналық чек-аптан өтті

«Қазмедиа орталығында» салауатты болашаққа арналған жыл сайынғы Capital Health ұлттық форумы өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, медицина қауымдастығының, бизнес өкілдерінің және қоғамдық бастамалардың басын қосты. Форум аясында қала тұрғындары ағзаның функционалдық жағдайын бағалаудан бастап, қан тамырлары жүйесі мен тері жағдайын диагностикалауға дейінгі бірнеше бағыт бойынша тегін медициналық чек-аптан өту мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Форум 2026 жылдағы қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі сын-қатерлеріне, профилактикалық медицинаны дамытуға, өз денсаулығына саналы түрде қарау мәдениетін қалыптастыруға және корпоративтік әрі қоғамдық ортаға wellness-практикаларды енгізуге арналды.

1-сессия: «Ұлт денсаулығы: 2026 жылғы сын-қатерлер және ЖИ бағыты» аясында қатысушылар денсаулықты қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, ауыр аурулардың адами капиталдың дамуына әсерін, сондай-ақ салауатты өмір салты мен профилактиканы ілгерілетудегі мемлекет пен бизнестің әріптестік тәжірибелерін талқылады.

Сессия модераторы – экономист, Tengenomika жобасының авторы Руслан Сұлтанов. Пікірталасқа қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің, сараптамалық қауымдастық пен парламент өкілдері қатысты.

2-сессия: «Денсаулық мәдениеті. Салауатты қоғам» барысында халықтың хабардарлық деңгейі, профилактика мен дене саулығы туралы базалық білім, сондай-ақ қоғамдық ағартудың тиімді форматтары мен мемлекет, бизнес және медианың үздік кейстері сөз болды.

TED форматындағы жеке блокта жеке жауапкершілік пен әлеуметтік мотивация тақырыбы көтерілді. Бұл бөлімде танымал спортшы, әлеуметтік жобалардың авторы Берік Адам (Молдабаев) сөз сөйледі.

Форумның ең тәжірибеге бағытталған бөлімдерінің бірі — 3-сессия: «Превентивті медицина. Алдын алу және зиян келтірмеу» болды. Мұнда мамандар профилактиканың тек жеке бастамалармен шектелмей, қоғамдық денсаулық пен экономикалық тұрақтылықтың маңызды элементі болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ адамдардың жүйелі түрде медициналық тексеруден өтуіне кедергі келтіретін негізгі факторлар талқыланды: уақыттың жетіспеуі, диагноз қоюдан қорқу және «белгі болмаса – бәрі жақсы» деген кең таралған түсінік.

Сессия модераторы – Leader интеллектуалды даму орталықтары желісінің CEO-сы, жады мен когнитивтік қабілеттерді дамыту әдістемелерінің авторы Эльвина Краснова.

«Профилактика мен денсаулық мәдениеті – бұл қоғамдық денсаулық, демография және экономика мәселелері. Біз бір алаңда сараптамалық пікірталастар мен практикалық диагностиканы біріктірдік. Бұл денсаулықтың – хабардарлықтан, ерте диагностикалардан және күнделікті әдеттерден басталатын басқарылатын процесс екенін көрсету үшін жасалды», – деді форум ұйымдастырушылар.

Форум аясында чек-ап аймағы жұмыс істеді. Онда елордалық төрт клиника негізгі бағыттар бойынша тегін экспресс-тексеру жүргізді. Диагностика ағзаның функционалдық көрсеткіштерін, жүрек-қантамыр жүйесін, сүйек тінінің және терінің жағдайын, сондай-ақ дене құрамын талдауды қамтыды.

Сондай-ақ іс-шара барысында «Capital Health» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық салауатты өмір салты мәдениетін дамытуға, корпоративтік денсаулық бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларға үлес қосқан ұйымдар мен бастамаларды атап өтті.

Форум «Салауатты ұрпақты қалай тәрбиелеу керек: отбасының, ата-ананың және қоғамның рөлі» атты қорытынды сессиямен аяқталды. Онда балалық шақтан бастап денсаулыққа қатысты негізгі дағдыларды қалыптастыру, білім беру ұйымдарының рөлі, ата-аналарды қолдау және балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы үшін қоғамның жауапкершілігі талқыланды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button