Бурабайдан сән кетті ме, мән кетті ме?

Астана күніне орай үшкүндік демалыстың бір күнінде отбасымызбен Бурабайға бардық. Сол шаһар, сол қонақүйлер, сол көшеде жалға беретін пәтерін жарнамалағандар. Туристік маусымдағы екі айда жанталасып пәтерін жалға беріп, жан баққан жұрт. Демалушылардың дені – шетелдіктер (оның 90 пайызы – ресейліктер). Ауа райына қарамай көлге шомылып, жағажайда арақ-шарабын ішкеніне мәз-мейрам. «Жынды» әуендерін қаттырақ қойып, музыканың ырғағымен билеп жүр.
Күн жаңбырлы болды. Қалаға кіргендегі алғашқы іздеген жеріміз – дәретхана. Көпшілігінің есігі жабық тұр. Хайуанаттар бағының жанынан жұмыс істеп тұрған біреуін таптық-ау, әйтеуір. Онда да бітпейтін кезек. Енді көлге түсетін ыңғайлы жер іздеу керек. Шеткері жақтан бос тұрған орындарды тауып, алақайлап орналастық. Астанадағы супермаркеттен көліктің багажына тиеп алған азық-түлігімізді жағалауға тасып, құмның үстіне дастарханымызды жайдық. Қауын-қарбызымызды бір жерге жайғастырып, суға күмп-күмп бердік. Күн бұлтты, қатты желді болғанына қарамастан, көлдің суы жып-жылы екен. Бірнеше рет сүңгіп алып, жағалауға ауқаттануға отырдық. Алайда құйып берген жаңбыр берекемізді кетірді. Малмандай су болғанымыз аздай, азық-түлігімізді қоятын жер іздеп, жүгірдік. Арада біршама уақыт өткенде жаңбыр да басылды. Бірақ қайтып көлге барған жоқпыз.
Қоқысхана мен дәретханаға айналмасын
Өйткені тағы бір «жоғымыз» – жауыннан таса жерде отырып тамақтанатын жер іздедік. Әуелде көлігімізді автотұраққа қойып, көлдің қарсы бетіндегі тауға өрмелеп, бір оңаша жерге дастархан жаймақ болдық. Ол ойымыздан тез айныдық. Себебі тамақ ішпек былай тұрсын, адамның нәжісінің иісінен тұншығып қаласың! Жаңбырдан кейін қолқаңды қабатын сасық иіс күшейе түседі екен. Айналаның бәрі сондай – алып дәретхана! Қарны ашқан кішкентай ұлымның өзі: «Әке, мұндай сасық жерде тамақ ішпек түгілі, бір минут та отырмаймын!» деп жылады. Содан соң көлдің жағасына жақын жердегі дәмханаларды жағаладық. Онда да төрт адам сыятын шағын үстелді 1 сағатқа жалға алу құны – 5 мың теңге. Әйтеуір, неден болса да табыс тауып қалайын деген ашқарақтық! Аспаннан тағы бір қара бұлт төніп келе жатқанын көріп, еріксіз бір үстелді жалға алдық. Шеткері болған соң 3 мың теңгеге келістік. Жайғасып алып, алаңсыз тамақтанбақ болып едік, жанымыздағы үлкен колонкалардан құлақты жаңғырықтыратын музыка ойнады. Ырду-дырдудың арасында отырып тамағымызды іштік-ау.
Шіркін-ай дейсің! Туризмді дамытқан өркениетті елдерден үйренетін нәрселерді, озық тәжірибені үлгі еткіміз келмейтіні қынжылтады. «Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп Мағжан ақын жырға қосқандай, Бурабайдың түріктің Антальясынан табиғаты артық болмаса, кем емес. Түркияға демалуға барғанда байқағаным, жол пұлың, қонақүйдің ақысы, ішетін тамағың бір кәсіпкердің қалтасына, яғни түрік елінің бюджетіне түседі. Қазақстанда шетелдік туристің жолының ақысы ғана ел бюджетіне түседі. Ал пәтер жалдаушылардың, демалыс аймағындағы қызмет түрлерін (қайықпен серуендеу, көлге шомылу, тамақ ішу, аттракциондарды пайдалану және т. б.) тұтынушылардың ақшасы жекелеген адамдардың қалтасына түседі. Көлге түсетіндерге бар ұсынатын қызметі – жататын пластик кереует беру ғана. Түркияда осылардың бәрі бір турпакетке біріктірілген. Қонақүй қызметі, теңізге шомылу, тамақтану мен демалудың бәрі бір жерде шоғырланған. Қанша айтсақ та, осы мәселені тәуелсіздік алған 34 жылда шеше алмадық. Себебі туризмге қатысты дұрыс саясат жүргізе алмай отырмыз.
Жанға бататыны – Бурабай туристер (әсіресе өзге ұлт өкілдері) күл-қоқыспен ластайтын, дәретке отыратын алып «дәретханаға» айналды. Сол күні көлдің жағасындағы дәмханалардан ауқаттанып шыққан демалушылардың тау жаққа барып, дәрет сындырғанын көзімізбен көрдік. Цифрлық технологиялардан басқалардан озып кеттік деп мақтанамыз. Менің ойым айтады: сол жерлерге бейнекамералар қойып, қоғамдық орынға дәрет сындырғандарға 150-160 мың теңге (40 АЕК) айыппұл салу керек. Мұндай масқараға солай ғана тыйым салып, тәртіпке келтіре аламыз. Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекс бойынша бұл ұсақ бұзақылыққа (434-бап) жатады. Кімде-кім қоғамдық орында дәрет сындырса, 20 АЕК (78640 теңге) көлемінде айыппұл төлейді, я болмаса 15 сөткеге қамалады. Айтпақшы, 2024 жылы осындай ұсақ бұзақылық қылмыс жасаған қазақстандықтардың саны 22 мыңға жетіпті. Олар ел қазынасына 600 млн теңге айыппұл төлеген. Осы қаражатқа деймін-ау, Бурабайдағы адамның нәжісі жатқан жерлерді тазалап, бейнекамералар орнатып, еріктілерден бірнеше отряд жасақтап, 2 ай демалушылардың ұсақ бұзақылық жасамауына бақылау қойса, игілікке жұмсалған болар еді. Бірақ біз әлі мәселені көтерумен, талқылаумен ғана келеміз.
Баға әлі «күйіп» тұр…
Қазір демалыс аймақтарындағы баға «күйіп» тұр. Мысалы, Бурабайда Жұмбақтасқа апаратын бір қайықты 15 минутқа жалға алсаң, 5-6 мың теңге төлейсің. 30 минут қыдыртамыз деп алып, 10-12 минутта қайтып жағалауға әкеліп тастайды. Моторы бар үлкен кемеге мініп, 30 минут көлде серуендеудің құны – 1 адамға 3000-4000 теңге. Квадроциклді 1 сағатқа жалдап алсаң – 15-20 мың теңге. Ал Астанада Есілде теплоходқа 4 мың теңге төлеп, қаншама жерді тамашалап қайтасың.
«Ақиқат салыстырғанда анықталады» деген сөз бар. Алты жыл бұрын отбасымызбен Түркияның Аланья қаласында демалдық. Бір күні ашық теңізге (Жерорта теңізі) кемемен саяхатқа шықтық. Жерорта теңізі – әлемдегі ең таза, ең тұзды теңіз. Судың 30 пайызы тұзды. Біз мінген «Карибен Грюз» кемесіне үш адамға бар-жоғы 10 мың теңге төледім. Үш сағат Аланья түбегінің оңтүстік бөлігіндегі теңізді тамашаладық. Әйгілі «Қызыл куле» мұнарасына жақын жерде ашық теңізге шомылдық. Бір қуанарлығы, кеме мұнараға жақын жерде тоқтап, адамдардың мұздай суға шомылуына жағдай жасады. Бұл мұнара 1960 жылдары күрделі жөндеуден өтіпті. Түріктер екі қабатын тұрғызған соң «Қызыл куле» деп аталады. Ол жер қазір музейге айналған. Міне, осындай ғажайыптарды көзбен көруге азғантай ғана қаражат жұмсадық.
Біздегі бір кемшілік – бастапқыда демалыс орнындағы қызмет көрсетушілер «бізде бәрі бар» деп айтады да, іс жүзінде ақшасын төлеп қойғаннан кейін ешқандай жағдай жасалмағанын көреміз. Жазғы маусымды пайдаланып ақша жасап қалуға ұмтылады. Келушілердің көңілінен шығу, дұрыс демалыс ұйымдастыру, туристер қайтып келетіндей жақсы әсер қалдыру сияқты мәселелерге демалыс орындарының қожайындары бас қатырғысы келмейді.
Жауапсыздық пен немқұрайдылық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды. Бұл туралы Ақорданың телеграм-арнасы ақпарат таратты. Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Президент Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырды.
Сол күні Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасын орындауға арналған жиын өткізді. Онда Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алакөл жағалауындағы ахуал туралы, сондай-ақ туристік инфрақұрылым, сервис және қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалыс пен қолайлы жағдайларды ұйымдастыру жөніндегі баяндамалары тыңдалды. Мұндай баяндама жасағаннан туризм саласында бірдеңе лезде өзгереді дегенге сену қиын. Премьер-министр өңір әкімдері мен министрлерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Министрлер мен әкімдер жұмысты қанша күшейтсе де, түйткілді мәселелерді шешуге уақыт керек. Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге жіберілді. Оның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсыныс берілмек. Өңірлерге барған лауазымды тұлғалар әрі кетсе жиналыс өткізіп, айта-айта жауыр болған мәселелерді тағы бір талқыға салып, тапсырма береді. Олардың бір рет барғанынан «толғағы» жетіп тұрған мәселе шешілмейді. Себебі бұл салада тоң болып қатып жатқан түйткіл көп.
Бұл саладағы Үкімет майшаммен қарайтын мәселенің бірі – туристердің денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық.
Төрт жыл бұрын отбасымызбен Бурабайға жақын жердегі «Жұлдызды орман» («Лес и звезды») деп аталатын тынығу аймағында демалдық. Даладағы палатка лагерінде үш күн қондық. Үшінші күні таңға дейін отбасымызбен көз ілмей, далаға шыға алмай, үреймен жаттық. Себебі көрші палатканы жалға алған қазекеңдер (дәу-дәу 6-7 адам) түнімен ішіп, бір-бірін боқтап, таңға дейін «разборка» жасады. Ертеңіне болған жайтты демалыс аймағы әкімшілігіне жеткізіп едік: «Палатканы жалға алған адам не істесе де өзі біледі, олардың демалысына араласуға құқығымыз жоқ!» деп жауап қайтарды. Бұл – демалушылардың денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық пен надандық. Кез келген қонақүйде я болмаса демалыс аймағында тәулік бойы демалушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жауап беретін бір қызметкер отыруы керек. Меніңше, демалушылардың денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне жауапсыздықпен қараған кәсіпкерлерді, қонақүй қожайындарын қатаң жазалайтын бап енгізу керек. Олай болмаса, қазекеңдердің бума-бума ақшасы шетелдің туризмін дамытуға «құйыла» береді.
Төлен ТІЛЕУБАЙ