Буллингке бейім студенттер

Қазір баланың ішкі дүниесіне үңілсең, алдыңнан тұман шығады. Тұманы қою, қойыртпақ, жол көрсетпейді. Қайда барарын білмей адасқан жас жүректер көп. Сырт көзге тып-тыныш, ұстамды көрінгенмен, жан дүниесі шаншулы. Жағдайдың ең жаманы, бұл балалардың көмек сұрауға да қауқары жоқ. Жүгінетін жерін білмейді. Білгісі келмейді. Өйткені қоғам оған «өзің шығуың керек» деген қатыгез талап қойған.
Жастар арасындағы мазақ, қорлау, «әзіл» деп бүркенген әжуа қазіргі күні жай ғана жағымсыз құбылыс емес. Бұл – күнделікті өмірдің қатпарында қатайған тас. Бәріміз соған сүрініп жүрміз, бірақ алып тастауға ешкімнің батылы жетпейді. Қарап тұрсаң, айналаны мәдени орта емес, мәдениеттен жұрдай даңғаза мінездер басып барады. Әдеп, ұят, ізет – бірінің артынан бірі құлаған домино тастары сияқты. Ел болып айқайлап жүргенде, отбасында өсіп жатқан өртті байқамай қалдық.
«Жетімді жылатпаған халық» едік, қазір тірі жетімді тірідей жылатып отырмыз. Ұлттық болмысымызда мысқыл бар еді. Бірақ ол әдеппен қолданылатын, орнымен айтылатын шымшыма сөз болатын. Адамды жылатып емес, ойландыратын. Ал бүгінгі «әзіл» деген нәрсе – қорлау, мазақ. Біреуді жығып алып, топ болып қарқылдағанға мәз жастар көбейді. Өзіміз болашағынан үміт күтіп өсірген бала – өзіміз түсінбей, дауасын таба алмай жүрген дерт.
Буллингпен әуестенетін студенттердің басым бөлігі – мектеп кезінен-ақ біреуді кемсітіп қуануды өнерге айналдырғандар. Тәрбиесі тұнық отбасынан шықпаған, тілімен түйреп үйренген, өзін өзгеден биік қойып өскен балалар университетке келіп сол мінезін жалғастырады. Адамды мазақтауды «ерлік» санайтын, «әзіл ғой» деп ақталатын, тобыр болып тұрып жалғызды жаныштайтын жастар, өздері байқамай, нағыз психологиялық зорлық жасап жүр.
– Студенттер арасындағы буллингтің негізгі себептері, әдетте, әлеуметтік айырмашылықтар, билік пен мәртебе теңсіздігі, бәсекелестік, жеке тұлғаның агрессиялық бейімділігі мен топтық қысым болуы мүмкін. Буллинг жәбірленушілері депрессия, мазасыздық, өз-өзіне деген сенімсіздік, оқу үлгерімінің төмендеуі сияқты психологиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар агрессорлар да билікті күш ретінде қолдануды үйреніп, психикалық қиындықтарға, әлеуметтік дағдылардың төмендеуіне және болашақта тұрақсыздық пен қақтығыстарға бейім болады. Сондықтан буллинг – тек жеке мәселе емес, университет қауымдастығының қауіпсіздігі мен студенттердің дамуына тікелей әсер ететін күрделі құбылыс. Буллингті «жастардың әдеті» немесе «жай ғана қалжың» деп қабылдау – аса қауіпті көзқарас. Бұл – нақты психологиялық мәселе және оған қарсы тұру – барлығының ортақ міндеті, – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Психологиялық қолдау орталығының бас маман-психологы Әйгерім Ерланқызы.
Бір сәт ойланып көрейік. Бір студентті топ болып мазақ етеді. Бір күн. Екі күн. Апта. Ай. Содан соң не болады? Қабырғаға қысылып, өз бөлмесіне қамалып, ішіндегісін айта алмай, көпқабатты үйдің шатырына шығып, өз-өзіне қол жұмсаумен бәрін шешкісі келіп тұратын жастар көбейді. Бұрын ондайды естісек селк ететінбіз. Қазір «обал болды» деуден әрі аспаймыз. Тез ұмытамыз. Ал сол баланың жан дүниесі ше? Кім ойланып көрді? Жастардың ұсақталып бара жатқаны соншалық, болмашы күлкі үшін басқа жанның өмірін ойыншық қылады. Сезім атаулының қадірі қалмады.
Қазір бұзақылық тек мектеп дәлізінде емес, телефонның ішінде жүреді. Біреудің сүрініп құлаған сәтін түсіріп алады да, әлеуметтік желіге салуға асығады. Кімнен рұқсат алды? Қай заңды оқыды? Бұл әрекет – абыройға, жеке өмірге тікелей қол сұғу. Қылмыс екенін білсе де тоқтамайды. Өйткені қоғам көріп тұрған нәрсесін ғана қылмыс деп санайды, ал адамның ішіндегі жараны ешкім көрмейді.
Залымды өмір өсірмейді. Залымды қоғам жасайды. Біреудің қыспағында жүріп, өзінен әлсізге өктемдік көрсетіп өскен бала ертең үлкен ортада да сол «ойынын» жалғастырады. Кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, топтық қақтығыс – бәрі сол жабылмаған жараның жалғасы. Жас күнінде жаншылған бала ертең жаншуды қалыпты жайт деп қабылдайды.
Оқушылар мектеп психологына барудан ұялады. Студенттер ЖОО-дағы психологтарға сенбейді. Қоғамда психологқа бару әлсіздік саналатын түсінік әлі бар. Осыдан кейін жасанды «комфорт зонасында» отырып, өзін-өзі жегідей жейді. Адам азғындауының басталуы да осы жерден. Жаны ауырған адам көмекті бірінші кезекте өзі сұрамайды. Сол үшін қоғам болып байқап, қоғам болып тартуымыз керек.
Жыл сайын күшейіп келе жатқан бұл дерт отбасындағы ашық әңгіменің жоғынан, баланың ішкі жан дүниесіне үңілмеуден, «бәрі жақсы» деп көз жұма салудан шыққан. Өмірге ғашық, арманы көп жастың тағдыры біреудің «әзілінен» үзіліп қалмас үшін қоғам өзінен бастау алуы керек. Қорлау емес, қолдау. Мазақ емес, мәдениет. Тобыр емес, тұлға қалыптастыру. Бүгін тоқтамасақ, ертең тым кеш болуы мүмкін. Буллинг – біз елемеген қасірет. Елемеген қасірет ертең бізді елеп-ескермейді.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



