Буллинг – бала әлеміндегі бүлік

Қоғамдағы өткір мәселенің бірі – балалар арасындағы буллинг. Мазақ ету, шеттету немесе күш көрсету бір сәттік ойын болып көрінгенімен, бала психикасына кері әсер етеді. Сондықтан бүгінгінің бүлігіне қарсы тұру – тек мектептің емес, баршаның міндеті.
Әр бала өзін қауіпсіз ортада сезінуге құқылы. Психологтардың айтуынша, өз ортасында буллингке ұшыраған балаларда қорқыныш, өзін төмен бағалау, жалғыздық сезімі пайда болады екен.
«Бұл олардың тек оқу үлгеріміне ғана емес, алдағы уақытта тұлғалық дамуына да теріс әсерін береді. Сөз – адамға қанат бітіруі де, жүрегін жаралауы да мүмкін. Әсіресе, жасөспірім кезеңіндегі бала үшін айтылған әрбір ауыр сөз – санасына із қалдырады. Сол себепті мұғалімдер мен ата-аналар балаларға дұрыс қарым-қатынастың, құрмет пен мейірімділіктің маңызын үйретуі қажет» дейді психолог Мөлдір Әлжанқызы.
Оның айтуынша, буллинг деген ұғым соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Балалар арасында кездесетін ұрып-соғу, итеру, затын тартып алу – физикалық буллинг, жаман сөздер айтып, мазақтау – вербалды буллинг, әдейі шеттету – әлеуметтік буллинг, ал әлеуметтік желілерде тіл тигізу, жала жабу – кибербуллинг деп аталады екен. Мұның ішінде балалар үшін кибербуллинг қауіпті болып отыр. Ақпарат тасқыны заманында кез келген фото, видео көпшілікке тез таралып кетеді. Ал бұл жәбірленуші үшін ауыр соққы.
Зерттеушілер буллингтің түпкі себебі көбіне әлеуметтік ортаға байланысты екенін айтады. Мәселен, отбасындағы жанжал балаға әсер етпей қоймайды. Кейде буллингке баратын балалардың өздері де үйінде немесе басқа ортада зорлық-зомбылық көрген болып шығады.
«Буллинге ұшыраған баланың сабақ үлгерімі төмендеп, өз-өзіне сенімсіздігі оянады. Ұзақ мерзімде депрессияға түсу, айналып келгенде, әлеуметтік оқшаулануға алып келеді. Сонымен қатар, буллинг тек бір балаға емес, бүкіл сыныптың ішіне әсер етеді. Жасөспірімдер арасында сенімсіздік пайда болып, достық қарым-қатынас әлсірейді» дейді елордалық ұстаз Айгерім Сейтматова.
Мобильді топтар құрылды
Жалпы, елімізде буллингке қарсы нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, 2023 жылдан бастап балаларға қатысты буллинг пен кибербуллинг әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып, заңға өзгерістер енгізілді. Енді мұндай әрекет жасаған оқушыға немесе оның ата-анасына ескерту жасалып, қайталанса, айыппұл салынады.
Міне, жаңа оқу жылы басталған тұста Астананың білім беру ұйымдарында да жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыс қайта жанданды. Осы жұмыстың аясында қаладағы барлық мектепте профилактика мен алдын алуды қамтамасыз ететін мобильді топтар құрылды. Күні кеше қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен Оқушылар сарайында осы топтардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиын өтті. Оған қадағалау және құқық қорғау органдары қатысты.
Кездесу барысында мобильді топтардың биылғы оқу жылына арналған бірқатар міндеті айқындалды. Қыркүйектен бастап жоғары сынып оқушылары үшін профилактикалық дәрістер, сондай-ақ тәуекел тобындағы балалардың отбасыларымен кездесулер өтетін болады. Оқушыларға құқыққа қайшы әрекеттердің, буллинг пен кибербуллингтің салдары туралы бейнероликтер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, мобильді топтардың жұмысы жүйелі түрде жүргізілмек. Олардың құрамына құзырлы органдардың өкілдері, елордалық аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық Білім басқармасының қызметкерлері, психологиялық қолдау орталығының мамандары және спорт қайраткерлері тартылған.
Буллинг – баланың жай ғана «ойыны» емес. Баланың болашағына әсер ететін күрделі мәселе. Әрбір ата-ана баласының не нәрсемен айналысатынын, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылап отыру керек. Мұғалім де, қоғам да бүгінгінің бүлігіне қарсы бірлесе әрекет еткенде ғана, бала өзін қауіпсіз сезінеді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ