Бұзақылық қоғамды бұзады

Қазақта «Бір жылыңды ойласаң егін ек, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң ұрпақ тәрбиеле» деген сөз бар. Соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында бұзақылық көбейгені біздің қоғамды қатты алаңдатып отыр. Бұл – тек құқықтық мәселе ғана емес, бүкіл қоғамның рухани-мәдени ахуалын, оның ішінде отбасы құндылығы мен мектептегі тәлім-тәрбиенің әлсірегенін көрсететін әлеуметтік құбылыс.
Мәселен, 2025 жылдың алғашқы айларында елді дүрліктірген бірнеше оқиға орын алды. Астана қаласында 14 жасар баланың 5 жасар бүлдіршінге пышақпен шабуыл жасауы. Семейде бір топ оқушы өз қатарласын ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Жаңаөзендегі лицей оқушысының соққыға жығылып, ауруханаға түсуі. Осындай оқиғалар еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы агрессия деңгейі шектен шыға бастағанын көрсетеді.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2024 жылы елімізде кәмелетке толмағандар тарапынан 1890 қылмыстық іс тіркелген. Бұл – күн сайын 5-ке жуық құқық бұзушылыққа жасөспірімдер қатысады деген сөз.
Қоғамдағы құндылықтар жүйесінің әлсіреуі, отбасындағы тәрбиенің азаюы, әлеуметтік желілер мен онлайн-ойындардың ықпалы жастарды теріс жолға итермелеуде.
Ішкі істер министрлігі биылғы жылды «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялап, «Жасөспірім» атты арнайы шара бастады. Жақсы бастама. Дегенмен бұл тек полиция мен әкімшілік айыппұлмен ғана шешілетін мәселе емес. Бұл үшін келер ұрпақтың тағдырын ойлайтын, ұлттық мүдде мен құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын бағдарлама жасап, бабадан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектілік жолын қалыптастыруымыз қажет.
Бізге уақытша ұпай жинау мен популизм қажет емес, нақты іске бағытталған, терең де дәйекті көзқарас қажет. Осыған байланысты келесі ұсыныстарды назарға алсақ:
- Құқық қорғау органдары, мектептер мен әлеуметтік қызметтердің өзара байланысын күшейтіп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды нақты жүйеге келтіру.
- Жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтар бойынша нақты, бірізді статистикалық деректер қорын қалыптастырып, проблемалы өңірлерді анықтау және оларды терең зерттеуді жолға қою.
- Жас буынның психологиялық және әлеуметтік жай-күйін жақсарту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеп, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтатын тетіктерді іске қосу.
- «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, ұл мен қызды тәрбиелейтін жалпыұлттық бағдарлама жасалу қажет.
Ардақ НАЗАРОВ,
Мәжіліс депутаты