Басты ақпаратСараптама

Бүлінген бордюр: себебі мен салдары

Мұндай көріністер елорданың қай маңынан болса да байқалған еді. Сондағы көргеніміз – көше асфальтінің шетіне қойылған жиектастың (бордюр) жиі бүлінуі. «Нұржол» бульварындағы қапталған граниттік жалпақ тастардың сынуы не жарықшақ түсуі. Әрі ол бір емес, бірнеше жерден көрінсе…

Енді бұл көзге түрпідей көрінер көрініс қалай пайда болғанын аздап таратсақ.

Қандай  уәж айтады?

Жұмыс орнымыз һәм тұрар пәтеріміз Есіл ауданында болған соң жоғарыдағы кемшілікті күнде көреміз. Қыз­меттен келіп қайтар уақытта бүлінген, сынған бордюр мен басқасын байқаймыз. Ал Астана орталығы аталған аудан шекарасында болғандықтан, біз әкімдіктегілерге сұрау салдық. Білгіміз келгені – мәселенің нақты шешімі.

«Қыс мезгіліндегі қардан тазарту жұмыстары кезінде тротуарлар мен алаңқайлардағы бордюрлер мен керамогранит сияқты материалдар бүлінуі мүмкін. Бұл – қарды арнайы техникамен тазарту барысында туындайтын, техникалық тұрғыдан болдырмауы қиын үдеріс. Бүлінген учаскелер мердігер ұйымның өз қаражаты есебінен көктемгі, жазғы және күзде, қолайлы ауа райы жағдайына қарай біртіндеп қалыпқа келтіріледі. Аудан аумағындағы мұндай ақауларды жою жұмыстары тұрақты бақылауда» деп жауап берді Есіл ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Фархад Mойынов.

Жалпы асфальт жабындасын жаңадан төсеген кезде жол жиектастарын бірге орнату салалық басқарманың құзіретіне кіреді. Дұрысы, жол құрылысын тендерден ұтып алған компания ол жұмыстарды қоса атқарады. Ал уақыт өте келе көше не тротуарлардағы тозған бордюр, брусчатка немесе граниттік тастарды қалпына келтіруге әр аудан әкімдігі, сондай-ақ белгілі бір мерзімге дейім кепілдеме берген құрылыс салушы мекеме жауапты көрінеді.

Кәсіпорын кемшілікті мойындайды

Расымен солай. Елорданың басты көшелерінің 43 пайызын қысы-жазы тазалайтын «Астана Тазалық» ЖШС аталған ақаудың болатынын жасыр­ған жоқ. Керісінше, мойындап отыр.

«Қыстыкүні жол жиектерін қардан тазарту кезінде жиектас­тың зақымданатыны рас. Бұл бірқатар факторларға байланысты. Мысалы, қар мен боран жағдайында жол жиегін қардан аршу қиындық тудырады. Мұз болып қатып, қардың қалыңдығынан жол жиегі көрінбей жатады. Мұндайда жиекті тазалап келе жатқан автогрейдер не «погрузчик» деп аталатын техниканың қар итергіш бөлігі бордюрға тиетіні анық. Бұған қоса кейбір көшелердің бұрылыс жолағы (Әр үлкен көшедегі бағдаршамға таяу орналасқан, оң бағытқа бұрылуға арнайы істелген бір жолақты жолды айтуды – автор) мен аялдамаға кіреберіс жолдар да аталған техникаларға тарлық етеді. Мұндай жағдайда ең тәжірибелі деген көлік жүргізушілеріне де жолдың шекара сызығының нақты қай жерде екенін анықтау өте қиын. Бұған қоса, жаяу жүргіншілер жолын қар мен мұздан аршығанда не ойған кезде жол жұмысшылары да брусчатканы сындырып алуы әбден мүмкін» дейді серіктестіктің техниканы пайдалану бөлімінің басшысы Тимур Ахметов.

Оның сөзінше, «Астана Тазалық» ЖШС осындай жағдайларды барынша азайту үшін қажет шараларды қабылдауда. Қысқы маусым басталарда қауіпсіз жұмыс істеу бойынша жүргізушілерге міндетті түрде нұсқаулық беріліп, арнайы оқыту жүргізіледі.

«Екіншіден, қысқы тазалық кезінде арнайы көліктің қар күрейтін пышағы жолдың бедеріне байланысты реттеліп отырады. Ал кейбір күрделі учаскелерде техниканың қар массасында жүруіне көмектесетін уақытша сигналдық тақталар қосымша орнатылады. Біз барынша жолды қардан тазалауды күндіз орындауға тырысамыз. Ол кезде аталған жол жиегіндегі бордюрларды бүлдіру қаупі азаяды. Жалпы нарықта резеңке және полиуретанды пышақтар бар, олар мұндай тасты зақымдамайды. Алайда Астана жағдайында олар тиімсіз. Өйткені біздегі температура айтарлықтай өзгеріп тұрады. Сондықтан мұндай пышақтар тез тозып, жиі ауыстыруды талап етеді. Бұл – техниканы күтіп ұстауға кететін шығындарды көбейтіп отыр» дейді ол.

Қалың қар жауған күндері кәсіпорын техникалары бар мүмкіндігін салатын көрінеді. Серіктестіктің автопаркіне де күш түсетін уақыт осы кез. Арнайы тазалық машиналары жеткіліксіз екені рас. Мұндай қауырт жұмыста серіктестік өз техникасымен бірге қосымша мердігерлік ұйымдардың техникасын жұмысқа тартатынын айтып отыр.

«Бұл жүргізушілер де міндетті түрде нұсқау алады, ал мердігерлер жұмыс сапасына жауап береді. Егер аталған жол бөліктері зақымданса, оларға айыппұл салуға дейін барамыз. Сондай-ақ нарықта жол жиектері мен тротуарларды тазартуға арналған арнайы техникалар бары рас. Кәсіп­орынның жоспарында дәл осындай машиналарды сатып алу қарастырылып жатыр. Бұл – жаяу жүргіншілер мен үлкен жолдардың тар учаскелеріне сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек» дейді Тимур Қайырбекұлы.

«Астана Тазалық» мекемесі қар мен көктайғаққа қарсы күресте ерітуші реагенттерді (тұз қосылған арнайы концентратты қоспа мен тайғаққа қарсы «Айсмикс» реагенті) өте сақтықпен қолданатынын айтып отыр. Жалпы оны шамадан тыс пайдалану қаланың экологиясына әсер етіп, топырақтың тұздануына әкеледі. Тал мен бұталардың өсуіне теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл қоспа тек тар көшелердің түйіс­кен жерінде, бағдаршам алдында, көпірлерге мініп-түсу аймағына көбірек себіледі.

«Ал арнайы техника бара алмайтын аялдама немесе жол жиегіне тақау орналасқан арнайы жүргіншілер жолын жол жұмысшылары тазалайды. Қарды күрейді, бір жерге үйіп, оны қар тасушы жүк көлігіне тиейді. Ол жерде қар күндіз еріп, түнгі суықта мұзға айналған кезде арнайы құралдарды қолданып, ойып кетіреді. Бұл – тұрғындардың жолда жүру қауіптілігін азайтады. Жалпы қыста біздің мекемеде 700-ге дейін жол жұмысшысы болады» дейді техниканы пайдалану бөлімінің басшысы.

Өзге елдер тәжірибесін бөліссек..

Қыста қаланы қардан аршу жалғыз Қазақстан ғана емес, өзге елдерде күрделі мәселе болғандай. Бірақ дамыған әрі табиғаты қатал өзге елдерінде қар тазалау деген атымен жоқ. Айталық, Канада, Финляндия және Норвегия сияқты мемлекеттер көше жолдарының астына жылу желілерін тартқан. Яғни қар жауғанмен жылы асфальт үстінде жылдам еріп кетеді. Ал оның еріген суы арнайы кәріз құдығына құйы­лып, тиісті жерге шығарылатыны да рас. Кейде бұл елдерде де арнайы жол жиектерінде тығыз қар массаларын болдыр­мау үшін жолдарды реагенттермен, яғни қар-мұз ерітуші қоспалармен өңдейтін көрінеді. Мойындау керек, біздің Астанада жоғарыда айтқандай, қарды техникамен тазалау, арнайы химиялық қоспалармен еріту және жиылған қар мен мұзды қала сыртына жүк көлігімен шығару жұмысы ғана іске асуда.

Ал көрші Ресейдің астанасы – Мәскеуде басқа тәжірибе бар. Бұл қалада озық үлгідегі техниканы пайдалана отырып, қарды қаланың әр ауданындағы бір орынға жинайды. Оны сонда ерітіп, тиісті құбырмен қала сыртына ағызып жіберетінге ұқсайды.

«Біздің елордада бұл тәжірибе болды. Тұран көшесінде қар еріткіш арнайы орын жабдықталғаны рас. Бірақ жоба тиімсіз әрі шығыны көп болып шықты. Өйткені қар еріткіш құрылғы дизельмен жұмыс істейді. Бұл – бюджеттік шығын. Екіншіден, одан шыққан түтін қала экологиясына зардап әкелетіні рас. Ең бастысы – жол бөліктеріне зиян келтірмеу үшін «Астана Тазалық» ЖШС басқа шетелдік тәжірибені мұқият зерттеп, оны Астана жағдайына бейімдеуді мақсат етіп отыр. Жалпы айтсақ, техника паркін әлде де жаңғырту, сенімді мердігерлерді тарту және көше-жол желісін қысқы күтіп ұстауды тиімді және қауіпсіз ету үшін қаланы тазалау технологиясын жетілдіру – алдағы уақыттың еншісінде» дейді Тимур Қайырбекұлы.

Айта кетейік, аталған компанияда 400-ден астам техника бар. Ал осының ішінде қыс айында қар тазалауға бөлінген арнайы көлік те жоқ емес. Мысалы, 58 қар таситын, 25 грейдер, 120 қар сыпырғыш, 20-ға жуық арнайы тұз қосылған қоспаны шашушы, 30 трактор және елуге жуық қар тиегіш көлік түрі жұмыс істейді. Мұның арасында 30 шақты шетелден келген (Германия, Швеция, Италия) арнайы техника да жүр. Айталық, «Мерседес- Шмит» техникасының міндеті – жауған қарды жылдам үрлей отырып тазалап, еш қалдықсыз жолды тазалау, яғни, бұл – әмбебап көлік. Сонымен қатар, кәсіпорын өз техникаларын тек қыста ғана емес, жылдың төрт мезгілінде жұмыс істеуге қауқарлы, көпфункционалды көлікке айналдыруды мақсат етіп отыр.

Айтылған уәж әзірге осындай. Қысқы тазалау кезінде қауіпсіздік артса да жол бөліктерін бүлдіру – келеңсіз көрініс. Жылда жаңартып, бүлінген бордюр мен брусчатканы ауыс­тыру мердігер үшін де оңай емес. Бізге, яғни бас қалаға қысқы тазалықтың басқаша қарекеті әбден керек сияқты. Бұған тәжірибелі мамандар, жаңашыл ғалымдар не дейді?..

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button