Бүйрек қатерлі ісігінің алдын алуға бағытталған ашық есік күні өтті

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында Бүйрек қатерлі ісігіне қарсы күрестің дүниежүзілік күніне орай Ашық есік күні өтті. Бұл іс-шара – халықты онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы мен алдын алудың маңыздылығы туралы ақпараттандыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бірнеше сағат ішінде ондаған адам орталыққа келіп, онкоуролог мамандардың қабылдауынан өтті, заманауи диагностика әдістері туралы мағлұмат алып, жеке профилактикалық кеңестер алды. Дәрігерлер бүйрек қатерлі ісігінің алғашқы сатылар көбіне симптомсыз өтетінін айтып, оны ерте анықтаудың маңызын ерекше атап өтті.
– Орталығымызда жыл сайын бүйрек ісіктеріне байланысты шамамен 200 операция жасалады. Біз халықаралық хаттамалар бойынша жұмыс істейміз, заманауи аз инвазиялық тәсілдерді қолданамыз және әр науқасқа жеке тәсілмен қараймыз. Акция аясында біз қандай тексерулерден тұрақты өту қажет екенін еске салдық: жалпы зәр мен қан талдауы, қандағы креатинин мен биохимиялық талдаулар, – деді ҰҒОО онкоурологы Жанқуат Көбеев.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда бүйрек обырының анықталу көрсеткіші артып келеді – бұл, ең алдымен, диагностика қолжетімділігінің артуымен және халықтың хабардар болуымен байланысты. Сонымен қатар, өлім-жітім деңгейінің төмендеуі – емдеу тиімділігінің және еліміздегі онкологиялық көмектің сапасының айғағы.