Бүгіннің Асаны мен Үсені

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Асан мен Үсен» ертегісінің премьерасы өтті. Туынды авторы – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бақытбек Қадыр. Қоюшы режиссері – Нұржігіт Мүсілімов.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» ертегісінің желісімен жазылған қойылым қазіргі заманға лайықтап сахналанған. Басты идеясы – бүгінгі балаларды смартфон мен планшетке телміруден арылтып, кітап оқуға шақыру.
Ертегінің түпнұсқасында ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, жұртта қалатын Асан мен Үсен көшкен ауылды іздеу жолында бастарынан түрлі оқиғаларды кешетіні белгілі. Сонда Асан түрлі қиындық кездескенде жылай бастайды, ал Үсен керісінше сабырлылық пен тапқырлық танытып, әкесінен көргенін істейді. Соның арқасында екеуі аман-есен үйлеріне жетеді.
Сол сияқты спектакльдегі Асан мен Үсен ата-аналарымен бірге табиғат аясына демалуға шығады. Бірақ үлкендер ойнап кеткен балаларды ұмытып, қайтып кетеді. Ертегідегідей секілді балалар жол іздейміз деп біраз оқиғаны бастан кешеді.
Бұрынғы балалар ертегімен, жыр-дастандармен тәрбиеленді. Шындығында бұл халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бала тәрбиесінде алар орны зор. Қойылым авторлары Асан мен Үсенді ертегілер әлеміне сүңгітіп жібереді. «Ер Төстік» ертегісіндегі жер асты патшалығы, жылан Бапы ханның ордасы, Саққұлақ, Көлтауысар, Желаяқ, Темір хан – бәрімізге бала кезімізден таныс. Сондай-ақ бәйтерек басына ұя салатын Самұрық құс, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір сынды ертегі кейіпкерлерін білеміз. Қойылымда Асан мен Үсен осы кейіпкерлермен кездеседі. Сол арқылы кітап оқудың маңызын түсінеді.