Бүгінгі ер-азамат қандай болуы керек?

Астана қаласындағы Шәкәрім атындағы №56 мектепте әкелер мен балалардың ашық диалогы өтті. Отбасындағы ұл баланың тәрбиесіне бей-жай қарамайтын әкелер өзара әңгімеге белсене қатысты. Мектеп әкімшілігі кездесудің мәртебелі мейманы етіп — Ironman жарысының үш дүркін қатысушысы, Oceanman, белгілі марафоншы және «Өзгеріс» реалити-жобасының авторы Берік Адамды (Молдабаев) шақырыпты.
Ер-азамат бейнесі дағдарысқа ұшыраған біздің қоғамда «Нағыз ер-азамат қандай болуы керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Біреулер оны материалдық байлықпен өлшесе, енді бірі физикалық күшке балап жүр. Алайда, бұл кездесу азаматтық ұғымының әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетті. Оның өмір жолы — жалаң ұран емес, нақты істің үлгісі. Әкелердің пайымдауынша, нағыз азаматтық — тек сыртқы келбет пен бұлшық етте емес, ішкі жан-дүниенің тазалығы пен салауатты өмір салтында. Гаджетке байланған ұрпақтың физикалық белсенділігінің төмендеуі — бүгінгі күннің өзекті проблемасы.

Ашық диалогта: «Денің сау болмаса, ел қорғап, отбасын асырау — бос сөз» деген де пікір айтылды. Бұл қағида әрбір жасөспірімнің санасына сіңірілуі тиіс. Сырқат, әлжуаз немесе зиянды әдетке тәуелді адам ешқашан жақындарына тірек бола алмайды. Берік Адамның мұхит айдыны мен марафон жолдарындағы төзімі жастарға нағыз күштің қайнар көзі — ерік-жігерде екенін ұғындырды.
Диалог барысында ер-азаматтың отбасындағы рөлі қызу талқыланды. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда «әке — тек отбасын асыраушы, қаржы табушы» деген жаңсақ түсінік тамыр жайып барады. Әйел затының иығына ауыр жүк артылып, ер-азаматтардың отбасылық шешімдер мен тәрбие үдерісінен шеттеуі — үлкен қателік. Ұл бала әкенің айтқан ақылынан емес, істеген ісінен тәрбие алады. Егер әкесі анасын құрметтемесе, ол ұлдан ертең қандай азамат шықпақ? Нағыз еркек — отбасының тек қаржылық қана емес, рухани қауіпсіздігіне жауапты тұлға. Ол — дауылды сәтте сабыр сақтап, дұрыс бағыт сілтейтін капитан.

Кездесуде батыл көтерілген мәселенің бірі — әлеуметтік жауапкершілік. Мұнда үлкен парадокс жатыр: біздің қоғамда «еркек жыламайды, сезімін білдірмейді» деген жаңсақ стереотип басым. Алайда, нағыз намыс — өзінен әлсіздерге араша түсу, өзгелердің мұңын бөлісу. «Ер адам тек «алушы» емес, ол — «беруші» және «қамқоршы». Бүгінгі таңда «намыс» ұғымын білек күшімен немесе дөрекілікпен шатастыратындар көп. Бірақ кездесуде айтылғандай, намыс — бұл ішкі мәдениет пен сөзге адалдық. «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені»: бұл мақалдың өзектілігі ешқашан жойылмайды. Уәде бердің бе — орында, қателік жасадың ба — мойында. Жауапкершіліктен қашу — нағыз әлсіздіктің белгісі. Ең бастысы, ауқымды ойлау: жауапкершілік тек өз басыңды күйттеу емес, бұл — ата-ананың күтімі, жарыңның сенімі, балаңның болашағы және Отаныңның тыныштығы.
Берік Адам секілді тұлғалардың мектеп табалдырығында ұлдармен жүздесуі — ұлттық тәрбиеге шынайы көңіл бөлудің бетбұрысы. Бізге қазір «темірдей» мықты тән ғана емес, «темірдей» берік мінез бен кең жүрек керек. Шәкәрім атындағы №56 мектептің бұл бастамасы — болашақ намысты ерлерді тәрбиелеудің нақты үлгісі болмақ. Ер-азамат болу — биологиялық мәртебе емес, бұл — күнделікті таңдау. Және сол таңдау әрқашан намыс пен жауапкершілік пайдасына жасалуы тиіс.
Назгүл БИКЕТОВА,
Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.



