Бозоқ және Жошы ұлысы

Астанада «Жошы ұлысы дәуірі мұрасының контексіндегі Бозоқ: музейлік кеңістіктегі репрезентация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара аясында «Көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы ұлттық парк құру» жобасының толықтырылған тұжырымдамасы таныстырылып, талқыланды.
Іс-шара Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарованың кіріспе сөзімен басталды. Өз сөзінде ол бұл тарихи-мәдени жобаның ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тұрғысынан, тарихи жадты сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков Жошы ұлысы дәуірін зерттеудің маңызына және Бозоқ қалашығының дала өркениетінің тарихи-мәдени мұрасындағы ерекше орнына тоқталды.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Мысыр, Ирландия және Тунистен жетекші ғалымдар қатысты. Мысырдан келген тарих ғылымдарының докторы, Асуана университетінің профессоры Абдулазим Гхалваш Мохаммед Риад қыпшақтардың Мысырдың саяси және әскери тарихындағы рөліне тоқталып, Еуразия даласынан шыққан тұлғалардың мәмлүк ақсүйектерін қалыптастырудағы ықпалын атап өтті. Ресейлік зерттеуші, PhD Исмет Заатов Дешті Қыпшақтағы Алтын және Ноғай ордаларының мәдени және саяси мұрасын саралады. Өзбекстаннан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Шодмон Вохидов Хорезм мемлекетінің дамуындағы және Жошы ұрпақтарының рөліндегі генеалогиялық сабақтастықты талдады. Ирландиядан келген тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Булат Рахимзянов Жошы ұлысының тарихнамасы мен оның халықаралық ғылыми зерттелуіндегі заманауи бағыттарды ұсынды. Тунис академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Мирлан Наматов түркі-мәмлүк ақсүйектерінің Шығыс Жерорта теңізі тарихындағы орнын ашып көрсетті. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Майоров Жошы ұлысының әкімшілік құрылымы мен әскери ұйымдасу жүйесін талдады. Тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкінбаев Мұхаммед Шайбани ханның тұлғасын Шыңғыс әулетінің сабақтастығы мен жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуы тұрғысынан қарастырды. Ал конференцияның екінші панельдік сессиясында Жошы ұлысының мәдени және рәміздік мұрасы талқыланды. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева «Бозоқ ұлттық паркінің жаңартылған тұжырымдамасын мемлекеттік мәдени саясат контексінде бекітудің маңызы» атты баяндама жасап, музей-қорықтың құрылу тарихын, жобаның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және қазіргі мәдени саясатты жүзеге асырудағы стратегиялық рөлін атап өтті. К.Ақышев атындағы археология институтының директоры Марал Хабдулина Бозоқтың Алтын Орда кезеңіндегі рухани және әкімшілік орталық ретіндегі маңызын баяндады. Түркияның Бозок университетінің профессоры, PhD Мехмет Кутлу Сарыарқа мен Анадолыдағы тарихи-мәдени параллельдерді ашып көрсетті. Новосибирск мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров XI-XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ көшпенділерінің әскери мәдениетіне жан-жақты талдау жасады. Өз баяндамасында ғалым әскери тактика мен қару эволюциясын, жауынгерлік символиканы жан-жақты сипаттап, түркі қағанаттары дәуірінен Жошы ұлысына дейінгі әскери дәстүр сабақтастығын ашып көрсетті. Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, суретші Қалиолла Ахметжан көшпелілердің шабуыл және қорғаныс техникасының реконструкцияларын ұсынды. Жошы ұлысын зерттеу ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов ұлыстың этносаяси тарихы туралы баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайда Сұрағанова Бозоқ қалашығына қатысты сакралды география мен аңыздық мотивтерді сипаттады.
Конференция барысында Бозоқ қалашығының жай ғана археологиялық нысан емес, Ұлы дала мәдениеттерінің сабақтастығын айқындайтын рәміз екені аталып өтті. Қабылданған қарарда «Бозоқ» тарихи-мәдени жобасының жаңартылған тұжырымдамасы Еуразия далалық өркениеттерінің мұрасын сақтау мен насихаттаудың стратегиялық бағыты ретінде бекітілді.



