Болашақта қандай мамандықтар азаяды?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ЖИ технологиялары еңбек нарығына әсер етіп, салдарынан кей мамандықтар жойылуы мүмкін, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда жасанды интеллектіні сәнді тренд ретінде емес, стратегиялық құрал ретінде қарастырамыз. Мақсат — адамды алмастыру емес, оның мүмкіндіктерін интеллектуалды шешімдер арқылы күшейту.
Жасанды интелектінін дамуы еңбек нарығына да тікелей әсер етеді. Ол ең алдымен күнделікті, қайталанатын жұмыстарға әсер етеді. Мысалы, болашақта кейбір мамандықтар азаюы мүмкін. Олардың ішінде колл-орталықтың операторлары, кассирлер, архив қызметкерлері, бухгалтерлер бар. Бұл жасанды интеллектінің мұндай міндеттерді тез, арзан және қателіксіз орындай алуымен байланыстырылып отыр. Яғни жасанды интеллект қауіпсіз әрі интеллектуалды еңбекке жол ашады. Мысалы, өнеркәсіп саласында роботтандырылған кешендер енгізіліп жатыр. Олар адамның қауіпті өндірістерге қатысуын азайтады. Сол сияқты тау-кен өндірісі, құрылыс немесе металлургия саласын атап өтуге болады, – деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Тіпті осы салаларда жасанды интеллект арқылы жарақат алу қаупін азайта аламыз. Ал адамның міндеті басқару, инженерлік қызметтер, үдерістерді бақылау сияқты жоғары деңгейдегі функцияларға ауысады.
Әрине, бұл өзгерістер бірден болмайды, бұл біртіндеп жүретін процесс. Сондықтан біз кадрларды қайта даярлау мен оқыту жұмыстарын дәл қазірден бастап жүргізіп жатырмыз. Жаңа айтып өткенімдей, басты жобаларымыздың бірі – 1 миллион азаматты жасанды интеллект саласына оқыту. Біз жастарды да, түрлі маман иелерін де қамтимыз. Яғни, оларды жаңа жағдайларға бейімдей алуымыз керек, – дейді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Жаслан Мәдиев жаңа мамандықтар пайда болуы әбден мүмкін екенін де атап өтті. Мысалы, дерек талдаушылары, машиналық оқыту инженерлері, өнеркәсіптік робот операторлары және т.б.
Біздің міндет – бұл өзгерістерді алдын ала болжау емес. Біз осының бәрін ескеріп, білім беру жүйесін, еңбек нарығын, жалпы қоғамды осындай өзгерістерге дайындауымыз керек. Жалпы жасанды интеллект – бұл қауіп емес, мүмкіндік. Еліміз осы өзгерістерге тек бейімделіп қана қоймайды. Біз олардың белсенді қозғаушы күші болуға ұмтыламыз, – деп айтты министр өз сөзінде.