Болашаққа бастайтын нақты бағыт

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында әдеттегідей еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелер көтерілді.
Мемлекет басшысы ерекше атап өткендей, «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Бұл қағидатты қоғамда түпкілікті орнықтыру үшін барлық құзырлы органдардың ортақ көзқарасы мен ортақ ұстанымы қажет. Яғни, кез келген заңсыздыққа қарсы тұру – әрбір азаматтың да, әрбір мекеменің де міндеті. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда дөрекілік таныту, жанжал шығару, қоғамдық тәртіпті бұзу жиі байқалады. Әсіресе, мұндай келеңсіздіктерге әйелдердің араласуы ұлтымыздың абыройына нұқсан келтіреді. Қазақ әйелі мейірімнің, ізгіліктің, тәрбиенің бейнесі болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысының заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидасын толық қолдаймын. Әділдік, сыйластық пен мәдениет – біздің ұлттық иммунитетіміздің тірегі.
Президентіміздің жол қауіпсіздігіне қатысты айтқан ойлары да өте өзекті. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелгені – әрқайсымыздың жүрегімізді ауыртады. Бұл – тек полицияның немесе мемлекеттің емес, әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Жолда тек өз өміріміз үшін емес, өзгелердің де өмірі үшін жауапты екенімізді сезінуіміз керек. Көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп – өркениетті қоғамның айнасы.
Сондай-ақ Жолдауда әлеуметтік саясаттағы артықшылықтар мен жеңілдіктерді біріздендіру мәселесі өте орынды көтерілді. Мемлекет ең әлжуаз топтарды қорғаудан ешқашан бас тартпайды, бірақ әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа жол беруге болмайды. Артық төлемдер мен негізсіз жеңілдіктердің көбеюі елдің дамуына қажетті қыруар қаражаттың ысырап болуына әкеледі. Бұл – мектеп, аурухана, инфрақұрылым салу ісіне кедергі. Сондықтан жеңілдіктерді әділ, нысаналы түрде бөлу – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Президентіміздің демографияны зерттеу, деректерді жүйелеу және жасанды интеллект негізінде талдау орталығын құрул туралы бастамасы уақыт талабына сай. Бұл – еңбек нарығының сұранысын болжауға, зейнетақы жүйесін тұрақтандыруға, болашаққа сапалы шешім қабылдауға жол ашады. Президентіміздің Жолдауындағы әрбір бастама – еліміздің жарқын болашағына бағытталған нақты бағыт.
Назгүл Макжан,
Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төраға орынбасары, әкімнің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі