Елорда тынысы

Болашақ медицина мамандарының жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді

Астана қаласындағы «Медициналық-техникалық колледжінде» жаңа оқу корпусының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Кәсіптік білім берудің көкжиегін кеңейту» атты іс-шараға колледж студенттері мен оқытушылары, әлеуметтік серіктестер, кәсіпорын өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – колледждің білім беру ортасын кеңейту, оқу орнының имиджін нығайту, сондай-ақ денсаулық сақтау, бизнес және білім беру саласындағы ұйымдармен серіктестік байланыстарды дамыту. Жаңа оқу ғимараты – білікті медицина және техника мамандарын даярлауға арналған заманауи кеңістік. Колледж басшылығының айтуынша, жаңа корпус студенттер санын арттыруға, материалдық-техникалық базаны кеңейтуге және білім сапасын жоғарылатуға жол ашады.

Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің тәжірибелік даярлығын жетілдіруге, түлектердің кәсіби бейімделуі мен жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілмек. Іс-шара барысында колледждің жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, «Астана медициналық университетімен» өзара әріптестікті күшейту бағытындағы жоспарлары да айтылды.

Бүгінгі күні колледж еңбек нарығында сұранысқа ие мынадай мамандықтар бойынша кәсіби білім береді:

• Стоматология;

• стоматологиялық ортопедия;

• мейіргер ісі;

• фармация;

• медициналық оптика;

• медициналық техниканы монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу.

Қазіргі таңда оқу орнында 1929 студент білім алып жүр. Колледж директоры Айгүл Кенбаева жаңа оқу ғимаратының маңыздылығына тоқталып, өз пікірін білдірді: «Біздің басты міндетіміз – сапалы білім берумен қатар, студенттерімізге заманауи әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру. Жаңа оқу корпусы – осы мақсатқа жету жолындағы үлкен қадам. Бұл ғимаратта болашақ медицина және техника саласының мамандары ең жаңа талаптарға сай білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіре алады. Біз әлеуметтік серіктестерімізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, түлектеріміздің кәсіби өсуіне және жұмысқа орналасуына барынша қолдау көрсетеміз», – деді колледж басшысы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button