Бокс жұлдызының дәрісі

Астанада әлемдік бокс жұлдызы, кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс жас спортшыларға арналған шеберлік дәрісін өткізді. «Sana» спорт кешеніндегі кездесуде 56 жастағы боксшы жастарға еңбек пен табандылықтың маңызын түсіндірді, әрбір спортшы жеке дайындық жоспарын құруы, техниканы жетілдіруі және ойын тактикасын меңгеруі қажет екенін айтты.
Сондай-ақ спортпен айналысқан адам бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керек екенін атап өтті. Жас спортшылар мен бапкерлер әйгілі боксшыға сұрақтар қойды.
Бокстағы тәжірибесін бөліскен Рой Джонс өзінің карьерасында есте қалған сәттері, спорттағы қиындықтар мен жеңістер туралы айтты.
«Менің бокс карьерам 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыны жаттықтыратын. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокс тек күшпен ұру емес, ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды» деді Рой Джонс.
Жиында даңқты спортшы тек кеңес беріп қана қоймай, рингте ашық жаттығу да өткізді. Ол қатысушыларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетті. Кезінде карьерасын аяқтағанына қарамастан, 2020 жылы әйгілі Майк Тайсонмен жұдырықтасып, көрерменге шоу тарту еткен еді. Сонымен қатар киноларға да түсіп, музыкалық шығармаларымен де танымал болды. Кездесу соңында Рой Джонс жас спортшылармен естелік суретке түсіп, автограф берді.
Шапағат ӘБДІР



