Елорда тынысы

«БөпеFair» фестивалі жалғасын тапты

Балалар мерекесіне орай Астанадағы «Жетісу» саябағында «БөпеFair» отбасылық ойын-сауықтық, танымдық фестивалі өтті. Екі күн қатарынан таңертеңнен кешке дейін ұйымдастырылған іс-шара елордалық балалар мен олардың ата-аналарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Фестивальдің мақсаты –  отбасымен дұрыс уақыт өткізуді ұйымдастыру, отбасылық құндылықтарды нығайтып, бірлескен шығармашылықты дамыту. Сол себепті фестиваль бағдарламасына сай келген қонақтарды тақырыптарға бөлінген түрлі байқаулар, ойындар, шеберлік сабақтары мен бүкіл отбасыға арналған интерактивті аймақтар күтіп тұрды.

«Жетісу» саябағы әкімшілігінің ұйымдастыруымен 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінде өтетін фестиваль екі күнде де таңғы йогамен басталды. Би ансамблінің өнерімен ашылған іс-шара одан әрі ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетумен жалғасты. Сонымен қатар бағдарламаға сәйкес «Жөргектегі балалар жарысы», «Балалар арбасымен жарыс» байқаулары, кидбург, би кеші өтті. Екінші күнінде «Арт-жүкті әйелдер», «Mrs.Bope Fair 2025» байқаулары, «Хазар» лезгинка би мектебінің өнері, Гәкку, «Алтын ұрпақ» көрсетілімі ұйымдастырылды.

-Біздің саябақ «БөпеFair» отбасылық фестивалін өткізуді 2017 жылы бастаған. Имидждік жобамыздың бұл екінші рет өтуі. Барлық іс-шаралар тегін, таңертеңнен түскі сағат 12.00-ге дейін бүкіл аттракциондар да 14 жасқа дейінгі балаларға ақысыз болады. Бұдан басқа да фестивальдер саябақта жиі өткізіледі. Басты мақсат – мұнда келген халықтың балаларын тек аттракциондарға мінгізіп қана қайтпай, үлкенге де, кішіге де уақытын қызықты өткізуіне жағдай жасау. Сол үшін түрлі концерттік бағдарламалар, ойындар ұйымдастырылып отырады. Жалпы саябақтың аумағы -14  га. 2018 жылы саябақ қайта құрылып, оның жөнделіп, қазіргідей безендірілген жаңа кейпін қала күніне Алматы облысы сыйға тартты, – дейді саябақтың басқарушысы Нұрия Сәдуақасова.

Саябаққа мереке күні келген халықтың қарасы қалың. Балаларын ерткен елордалықтар мен қала қонақтары әр түрлі іс-шараларға қатысып, мәз-мейрам болды.

-Астанада Есіл ауданында он жылдан бері тұрамыз. Төрт баланың анасымын. Бүгінгідей жан-жақты ауқымды фестивальді бірінші рет көрдім. Бәріне болмаса да бірқатар байқауларға қатысып, балаларым да, өзіміз де мерекені жақсы өткіздік.  Парк әкімшілігіне көп рахмет! – дейді елордалық тұрғын Әсемгүл Жолбасарова.

Райхан Рахметова

фото: Сұлтан Сейіт

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button