Құқық

Блогерлер мен спортшылар студенттерге есірткінің зияны туралы айтты

Елордада жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Астана – есірткісіз қала» атты профилактикалық акция өтті. Іс-шара Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынға университет студенттері мен Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері – белгілі спортшылар, актерлер, шығармашылық өкілдері және блогерлер қатысты.

Кездесуде нарколог-дәрігер психоактивті заттардың адам денсаулығына тигізетін зияны мен тәуелділіктің салдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

Полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тарату және қолдану үшін көзделген жауапкершілікті еске салды.

«Жастар түсінуі керек өте маңызды нәрсе: есірткіні тіпті бір рет қолданып көрудің өзі денсаулық пен болашаққа орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Біз студенттердің өз құқықтары мен міндеттерін біліп, ең бастысы – саналы және қауіпсіз таңдау жасай алуын қалаймыз», — деді полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық шаралар тек дәріс оқумен шектелмейді. Бұл – жастармен күнделікті жұмыс, рейдтер, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу, танымал қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылатын кешенді жұмыс.

Шақырылған спикерлер өз жетістіктерімен бөлісіп, кәсіби және спорттық жолдарын әңгімеледі, студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Бұдан бөлек, акция барысында полицияның арнайы жасақ және кинологиялық қызмет қызметкерлері көрсетілімдік жаттығулар өткізді.

Айта кетейік, есірткі қылмыстарымен күрес аясында биыл елордада жастармен 600-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар түрлі акциялар, спорттық іс-шаралар мен жастар белсенділерімен бірлескен рейдтер өткізілді. Қала аумағынан шамамен 2000 есірткі жарнамасы (граффити) жойылды.

Бұл шаралардың барлығы «Астана – есірткісіз қала» кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып, қылмыстың алдын алу мен жастар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button