Ел тынысы
Биыл Астанаға 1,7 млн турист келеді деп күтілуде

Астананың инфрақұрылымы кез келген деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайын. Бұл туралы Астана туризмді дамыту орталығының басшысы Артем Квашук мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Қалада 300-ге жуық қонақ үй бар, оның тоғызы 5 жұлдызды, 100-ден астамы төрт немесе үш жұлдызды. Жыл сайын Астана «оқиғалар қаласы» мәртебесін нығайтады. Бытыр 128 халықаралық іс-шара өткізілді, биыл олардың саны 200-ден асады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Бүгінгі таңда халықаралық әртістер, ұйымдастырушылар мен туристер тарапынан Астанаға деген қызығушылықтың артуы байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елордаға 1,5 млн турист келген, оның 350 мыңы шетелдік қонақтар.
«Биыл 1,7 млн турист келеді деп күтілуде. Жылдың бірінші тоқсанында елордаға 300 мың турист келді, оның 68 мыңы – шетелден келген қонақтар. Астана бүгінде саяси және іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар белсенді мәдени және оқиғалар алаңына айналып отыр. Backstreet Boys концерті сияқты ауқымды іс-шараларды өткізу қалаға төлем қабілеті жоғары туристерді тартады, бұл экономиканы ынталандырады және халықаралық қызығушылықты арттырады», – деді Астана туризмді дамыту орталығының басшысы Артем Квашук ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.