«Бір шаңырақ астында» мерекелік концерті өтті

Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында және Бірлік күніне орай «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
«Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымының ұйымдастыруымен өткен шараны орталықтың қызмет алушылары тамашалады.
«Бүгінгі іс-шараны «Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымы ұйымдастырып отыр. Бұл ұжым біздің ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді көріністер арқылы дәріптеп жүр. Бүгінгі концерттік бағдарламада олар жақсы өнер көрсетті. Бұл ұлттар арасындағы достықты қолдаудың бір ұраны деп білемін. «Асыл мұра» домбыра ансамблінде 30-ға жуық адам бар. Бұл ансамбль республика және түрлі облыс аумағында жоғары өнер көрсетіп жүр. Жалпы орталықтағы өнер ұжымдары қаладағы атаулы іс-шараларға белсенді қатысады», – деді Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени іс-шараларды ұйымдастыру маманы Гүлшат Әбубәкірова.
Концерт барасында әжелерден құрылған топ көрермендерге «Астанаға келген ауыл әжелері» көрінісін ұсынды.
«Біздің өнер ұжымы 2023 жылы ақпан айында құрылды. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Одан бөлек, аудан орталықтарына барып, сайыстарға қатысып тұрамыз. Біз бесікке салу, қыз ұзату, құда күту сияқты түрлі салт-дәстүрлерімізді насихаттап жүрміз. Жалпы ұжымда 4 ата мен 11 әже бар», – дейді «Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымының жетекшісі Зағипа Жаналиева.