Мәдениет

Бір сахна – үш актер

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Шолпанның күнәсі» әңгімесі бойынша сахналанған осы аттас спектакльдің премьерасы өтті. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева.

Шығарманың маз­мұны бәрімізге белгілі, оған тоқ­талудың реті жоқ болар. Сол баяғы, бір шикі өкпе нәрестеге зар болған ата-ана, жұбайлар арасындағы шынайы сүйіспеншілік… Соған қарамастан, жас әйелдің өз тілеуі үшін «күнәлі» іске баруы…

Қойылымның негізгі өзегі – бедеулік мәселесінің қай ғасыр болса да, яғни, өткен ғасырлардағы қазақ даласында санаулы түтіні бар қарапайым ауылдар тұрмақ, тіпті әлемдік медицинаның қарыштап дамып кеткен қазіргі күнінің өзінде жойылмай келе жатқан өзекті проблема, ол – бедеулік жайы.

Ең әуелі айта кетерлігі, ­М.Жұмабаевтың тілінің құдіреттілігі, оны сахнадағы кейіпкерлер ойынын көрмей-ақ, көзді жұмып алып, жайбарақат отырып құлақпен жай ғана тыңдап та ләззат алатындай – тым көркем, кескінді. Міне, сол көркем тілдік қазынаны спектакльде кейіпкерлер бейнесін орындап жүрген әртістердің ойын барысында шебер бере білулері қандай әсерлі! Дауыстары қуатты, көрермен жүрегіне дөп тиіп, жанға жып-жылы, жұп-жұмсақ, жұп-жұмыр жетіп жатты.

Осы ретте, Шолпан образын сомдаған актриса (Арай Омарова) – дауысының күші зор, қуатты, қазақ театры тарихында есімдері жатталып қалған небір майталман актриса аналардың жолын басар өте алымды, сахнада теңізде жүзген балықтай, өз кәсібінің ұңғыл-шұңғылдарын еркін де, терең меңгерген өнер шебері екендігін таныта ойын көрсеткенін атап өткен жөн. Тек, актриса ойынында кей тұстарда кейіпкер жанының хал-күйіне байланысты кішкене дауыс темпі мен ырғағы, екпін, ішкі жан күйіне сай өзгерістерге түсіп, психологиялық иірімдерге көбірек ене түссе, сонда түйдек-түйдек айтылар сөздер ішке түсіңкіреп, одан бетер шұрайлырақ, реңктілеу бола түсер ме еді…

Спектакльдің сахналық бояуы, сценографиялық шешімі – тек жарық арқылы өте шебер де, әсерлі берілген. Бұл – біздің ұлттық театрдың қазіргі жаңа заманауи цифрлық дәуіріндегі технологиялық әлеуетінің әлемдік тенденцияларға сай ірі жетістіктерін айғақтайды. Демек арыға бармай-ақ, осыдан бес-он жыл ілгеріректің өзіндегідей, сахнада: ауыр декорациялар мен артық жабдықтар, басы артық ештеңе жоқ. Барлық қажетті атмосфера – су да, өзен де, оның жағалауы да, табиғат көріністері де, ауа райының күйлері де, бәрі-бәрі тек қана жарық арқылы, яғни, арнайы қойылып, білікті беріле білген сан бояулы жарықтың қуаттылығы; сондай-ақ дауыстың, дыбыстың, музыканың берілу реттілігімен өте әсерлі де әсем суреттелген. Бұл қазіргі сандық технологияның театр өнеріне енген ірі жетістігінің және онымен орынды жұмыс істеп, қолдана білген өз істерінің шебері: қою­шы-суретші, жарық суретшісі, дыбыс беру мамандарының заман талабына сай нәтижелі істерінің айғағы.

Әртістер сахналық ауысуларда («переход») өз ойындарына кішкене темп, қарқын қоса түссе… Сонда, көрерменге ондай тұстарда кішкене басқа нәрселерді ойлануға сәт те болса мүмкіндік, мұрсат бермеуші еді… Яғни, даладағы қарлы бұрқасын ауа райын ойлауға немесе сағаттың неше болғанын қарауға, әлде қойылымнан соң үйге қалай қайтам деген секілді сәттік ойларға кезігуге ырық бермей, бар назарды тек қана сахнаға байлап-матап ұстар еді… (Бұл әрине, пессимистік тұрғыдан қарағандағы ой.)

Ал жалпы алғанда спектакль – өте таза, деңгейі жоғары. Қойылымның кәсіби шеберлердің қолынан шыққандығы, қалыптасқан суреткерлердің: қоюшы-режиссері – Гүлсина Бақытжанқызы секілді шебердің алтын жүзікке асыл тастан көз қондырғандай, иненің көзінен өткендей көркем сахналанғандығы айқын.

Жоғарыда атап өткендей, спектакльдің авторлық тілі – өте көркем, жатық, құнарлы. Соған қарамастан, қойылымда тірі жанды әртістер ойнап жүргендіктен, ішінара бір сөз айтылып «кетсе», жалпы сахналық «аппақ әлемге» бір тамшы қара дақ тамып кеткендей кері әсерін тигізеді. Мәселен, спектакльде Әзімбай бейнесін кейіптеген актердің (Ерғұлан Жанпейісов) шығармада жоқ бір ғана аңдаусыз айтылған «…жеңеше» (бір есімді айтты) деген оқыс сөзі – актер үшін «кешірілмейтін» қателік. Мұндай бір ғана «қателіктің» өзі – кішігірімдігіне қарамастан, спектакльдің бір жарым сағаттық бүкіл болмыс-ұсқынына кәдімгідей қара «күйе» жағылып кетуімен бірдей нәрсе. Сондықтан да әртіс мұндайға жол беріп алудан өте сақ болу керек.

Тағы бір айта кетерлігі, негізгі рөл – Сәрсенбай бейнесін кейіптеген актер (Жанат Оспанов) ізденіс барысында сахналық пластикалық әрекет («Парасат майданы» спектакліндегі басты образды сомдаушы актер Нүркен Өтеуіл жасаған пластикалық шешімі секілді) тауып алды ма, демек оны қойылымның өне бойында орындап отырса, әйтпесе табылған шешім спектакльдің басында көрініс тапса, ол образдың орындалу барысында «ұмытылып» кетпегені жөн. Бұл жағына, пластиканы қоюшы маман әлі де зер сала, толықтыра түссе деген тілек бар. Сахналық ізденіс, мінезділік кейіптеуіне сай ол әрекет жасалды ма, демек, қойылым барысында оқтын-оқтын, психологиялық иірімдер барысында қажетінше қолданылып отырса, образдылық бояу қаныға түсер ме еді…

630 көрермен тамашалап отырған залда бірде-бір тырп еткен сыбдыр сезілмеді, көрер­мен ұйып тыңдап, тұшына ден қоя тамашалады.

Спектакльде үш-ақ актер болса да, ұлттық театрдың кең сахнасын толық толтырып тұрды. Бұл деген сөз, қойылымның және актерлар ойынының ауқымдылығын, толымдылығын танытады. Осыдан-ақ, спектакльдің өте жоғары деңгейін, сапалы сахналанғандығын айғақтайды.

Ақзия Жайлы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button