Білім

Бір бәйтерек, бір шынар

Жуырда Семейде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Абай елінің құрметті азаматы, белгілі әнші-композитор Кентау Назарбектің «Бір бәйтерек бір шынар» атты шығармашылық кеші дүркіреп өтті.

Кештің қарсаңында Шәкәрім университетінде Кентау Назарбек атындағы ұлттық аспаптар оркестрі сыныбы салтанатты түрде ашылды. Салтанатты лентаны қию рәсіміне қоғам қайраткері, белгілі заңгер Ирак Елекеев, профессор, білім беру ісінің үздігі Зейнолла Тоқаев және өзге де мәртебелі меймандар қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков алыс-жақыннан жиылған қонақтарға ілтипат көрсетіп, композитордың есті әндерін студенттерге насихаттау жолында аянбай еңбек ететінін тілге тиек етті. Ол болашақ жоспарлар мен жаңа буын музыканттарды даярлаудағы осы кабинеттің рөлі туралы айтты.

Ирак Елекеев өз сөзінде мәдениет пен өнердің білім алушы жастардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне ерекше әсер ететінін тілге тиек қылды. Салтанатты кештің шарықтау сәті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамастың Абайдың сөзіне жазылған «Абай өсиеті» әнінің тұсаукесері болды. Бұл туынды ұлы ақынның мұрасының заманауи жаңғыруын паш етті. Композитор Кентау Назарбек өз сөзінде жастар шығармашылығын қолдау – ұлттық мәдениетті дамытудың басты тетігі екеніне тоқталды. Автордың қанатты сөздерімен өрнектелген кабинет кез-келген адамның рухын көтеріп, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады.

Сол күні кешкілік Абай атындағы театрда өткен композитордың шығармашылық кеші Абай елін дүбірге бөледі. Рухани кешті қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген лирик ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт жүргізді. Жиынға «Құрмет» орденінің иегерлері Гүлмира Ақүрпекова мен Үміт Медеуова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айбек Бекбосын мен Нұрболат Арзамас, мәдениет саласының үздіктері Әлібек Ізбасаров, Анар Құмарова, Арайлым Мамырбекова, Рауза Ысқақова, Гүлдана Ноғайбаева, сондай-ақ талантты әншілер Дархан Зинекеш, Қайрат Мұқыш, Әсем Омарова, Қайрат Қабышев және Олжас Оспан сияқты өнер майталмандары қатысып, композитордың елге мәлім әндерін нақышына келтіріп, орындады.

Өнердің тойында 60-қа жуық әндердің авторы Кентау Назарбектің шығармашылық жолы мен қазақ музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі кеңінен айшықталды. Оның халық жүрегіне жол тартқан «Бір бәйтерек, бір шынар», «Мен қазақпын», «Ұлы еліме», «Құралайым», «Қайда кетіп барасың?!», «Үш бақытым», «Жастық», «Жарық күн», «Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай…», «Жүрегім жүрегіңде», «Қазақ жері», «Мені ізде», «Сыйласайық» және басқа да танымал туындылары ұлттық музыка қоржынымызды байытып, тыңдарманның рухани сұранысын қанағаттандырып келетінін айтуға тиіспіз. Кеште Абай театрының әртістері де өнер көрсетті. Кеш соңы мерекелік дастарханға ұласты. Абай облысы әкімінің қолдауымен өткен кеш көрермендердің көңілінен шықты.

Мәриям Алғалиқызы,

Астана қалалық Білім басқармасының қызметкері,

«Кентаудың көркем әндері-ай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button