Білім

Білім саласындағы басымдықтар

Астанадағы Tanym оқушылар сарайында қалалық Білім басқармасының алқа отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен төрағалық етті. Отырыста елорданың білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттары талқыланды.

Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы білім саласының негізгі көрсеткіштері бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы білім беру жүйесін 988 ұйым құрайды. Онда 421 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде 266 мемлекеттік және 722 жекеменшік ұйым жұмыс істейді.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде демографиялық өсім айқын байқалады. Қалада 716 балабақша жұмыс істейді, онда 67 780 бала тәрбиеленуде. Бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайызды, ал 2 мен 6 жас аралығында 97,3 пайызды құрап отыр.

2025 жылдың қаңтарынан бастап мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландырудың қанатқақты жобасы іске қосылды. Жоба аясында 25 мыңнан астам ваучер беріліп, ата-аналарға 200 мыңнан астам хабарлама жіберілді. Нәтижесінде балабақшаға кезек үштен біріне қысқарып, экономикалық тиімділігі 3,5 млрд теңгені құрады.

Орта білім беру саласында бүгінде елордада 205 мектеп жұмыс істейді. Онда 314 964 оқушы білім алуда. Оқушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Биыл 1 қыркүйекте бірінші сыныпқа 33 мыңнан астам бала келеді деп күтілуде.

Соңғы үш жылда білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып, 110 мың оқушы орнына арналған 44 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде 23 “Келешек мектебі” бар. Бұл үш ауысымды мектептер мәселесін толық жоюға мүмкіндік берді. Алдағы үш жылда 110 мыңнан астам орынға арналған 58 мектеп салу жоспарланып отыр.

Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда барлық мектептер интернет желісімен және бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мектептердің 98 пайызы пәндік кабинеттермен жабдықталған.

Оқу сапасын арттыру бағытында халықаралық жобалар іске асырылуда. Қала мектептерінде SHARE (Ұлыбритания), Global Scholars, CISCO (АҚШ), PASCH (Германия) және IB сияқты халықаралық бағдарламалар енгізілген.

Педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында түрлі әдістемелік жобалар жүзеге асырылуда. 2025 жылы 4 247 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2026 жылы бұл көрсеткіш 8 520 мұғалімге дейін ұлғаймақ.

Инклюзивті білім беру де басты назарда. Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 22 мыңнан астам бала тіркелген. Олардың 85 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.

Жиында сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру, қосымша білім беру жүйесін дамыту, құқық бұзушылықтың алдын алу және тәрбиелік жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Кенжегүл Бекимова білім сапасының деңгейін таныстырды. Бұдан кейін қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылады.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button