Білім ордасының мерейлі белесі

Астана қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында білім ордасының 10 жылдық мерейтойына арналған «Жүрек, сенсің Отаным!» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде қонақтарға Фариза кабинетіндегі «Neo 77» жасанды интеллект боты таныстырылып, жаңадан жабдықталған информатика кабинеті көрсетілді. Сонымен қатар қатысушылар «Адал азамат – Отан тірегі!» тақырыбындағы тәрбие сағатына, ағылшын тілі мен информатика пәндері бойынша панорамалық ашық сабақтарға қатысты. Мектеп жетістіктері мен оқушылардың шығармашылық жұмыстарын қамтыған көрме де көпшілік назарына ұсынылды.

Мерейтойдың негізгі бөлімі «Жүрек, сенсің Отаным!» тақырыбындағы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды. Жиынға Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, Оқу-ағарту министрлігінің, Астана қаласы білім басқармасының өкілдері, білім саласының мамандары мен мектеп басшылары қатысты.
Ал, мектеп директоры Нұрлан Меңдібайұлы, білім беру жүйесіндегі жаңашыл бастамаларға тоқталып:
«Білім беру жүйесінде жаңашыл бастамаларды іске асыру – уақыт талабы. Оқу үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, мұғалім жұмысының тиімділігін күшейтеді және оқыту сапасын жаңа деңгейге көтереді. Алдағы мақсатымыз – заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті білім беру моделін қалыптастыру», – деді ол.

Мерекелік кеш поэзиялық қойылымдармен, оқушылардың ән мен би өнерімен жалғасты. Республика көлемінде танылған жас өнерпаздар мен байқау жеңімпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында ұстаздар хоры өнер көрсетіп, салтанатты жиын қорытындыланды.
фото: Сұлтан Сейіт



