Ел тынысы

Білім беру жүйесін жетілдіруге жол ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін, стратегиялық маңызы зор құжат. Бұл жолғы Жолдау білім саласына ерекше көңіл бөліп, нақты тапсырмалар жүктеді. Әдістемелік орталық өкілі ретінде айтылған әрбір бастаманың білім беру жүйесін жетілдіруге жол ашатынына сенімдімін.

Президент білім беру сапасын арттыруда цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім саласына енгізу нақты тапсырма ретінде айқындап берді. Бұл – біздің орталықтың күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Осы орайда біз мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету, оқу бағдарламаларына жасанды интеллект қолдана білу,  тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру жұмыстарын күшейтетін боламыз.

Қазіргі заман талабына сай мұғалімдер мен оқушылар цифрлық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Осы бағытта біз педагогтердің ІТ құзыреттіліктерін дамыту бойынша курстар, вебинарлар, тәжірибелік семинарлар ұйымдастыруды жалғастырамыз. Сондай-ақ, Президент суды үнемдеу мәселесін көтеріп, бұл тақырыпты қоғамдық деңгейде талқылаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл — өте орынды ұсыныс. Біз, мұғалімдер, оқушыларға суды үнемдеу, табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді тәрбие жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл тақырып оқу үдерісінде ғана емес, тәрбие сағаттарында, жобалық жұмыстарда да қамтылуы тиіс.

Жолдауда қоғамдық ортада өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыру мәселесін орынды көтерді. Бұл – ел болашағы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда қолға алынып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы да осы мақсатқа негізделген. Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – мәдениетті, тәрбиелі, елжанды, жасампаз тұлғаны қалыптастыру. Бұл міндетті іске асыруда мектеп пен мұғалімнің, ата-ананың рөлі айрықша. Сондықтан біз балалардың бойына адамгершілік, жауапкершілік, сыпайылық пен парасаттылық қасиеттерін сіңіруге бағытталған тәрбие жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз қажет, оның ішінде жоғары мейірімділік пен мәдениетті тұлға қалыптастыру тек тәрбие сағаттарында емес, пәндік сабақтарда да айтылып, мұғалімдеріміз үлгі болу керек.

Жалпы, Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру – барша педагогтердің, оның ішінде әдістемелік орталықтардың ортақ жауапкершілігі. Алдымызда атқарылар жұмыстар көп, бірақ бастысы – мақсат айқын, бағыт дұрыс. Біз білім беру ісінің сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Сындар Дауешова,

Астана қалалық Білім басқармасы

Әдістемелік орталығының басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button