Ел тынысы

Биліктің қоғамға деген сенімі мен «Еститін мемлекет» қағидатының нақты көрінісі

Біз жауапкершілігі зор тарихи кезеңнің куәсі ғана емес, оның тікелей қатысушысы болдық. Астанадағы Конституциялық сот ғимаратында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Эльвира Әзімованың жетекшілігімен өтті. 

Ел болашағына қатысты тағдырлы шешімдер пісіп-жетілетін бұл алаңдағы алғашқы отырыстың жабық есік жағдайында емес, халықтың көз алдында, ашық әрі жария түрде өтуі аса маңызды әрі принципті қадам.

Осы тұрғыда Комиссия жұмысының тікелей эфирде көрсетілуін биліктің қоғамға деген сенімінің, «Еститін мемлекет» қағидатының нақты көрінісі деп бағалаймын. Қоғам неғұрлым толық әрі уақтылы ақпараттандырылса, қабылданатын шешімдер де соғұрлым өміршең әрі орнықты болады.

Комиссия құрамына қоғамның барлық саласынан кәсіби мамандар мен түрлі этнос өкілдері енгізілген. “Әртүрлі пікір — біртұтас ұлт” қағидатына сай, оның қатарында белгілі заңгер-конституционалистер, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, медиа және мәдениет саласының кәсіби мамандары, сондай-ақ Парламенттің қос палатасындағы әріптестеріміз бар.

Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен маңызы зор. Олар еліміздің саяси жүйесін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бұл қадамдар Мемлекет басшысы бастамашы болған 2022 жылғы конституциялық реформаның логикалық жалғасы ретінде әділетті, теңгерімді және тұрақты Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған.

Комиссия мүшесі ретінде мен үшін ең басты міндет азаматтардың үні естіліп, әрбір ұсыныстың назардан тыс қалмауы. Өйткені Конституция халық үшін жазылады, ал халықтың қатысуынсыз талқыланған заң ұзақ мерзімді нәтиже бермейді.

Ашық жұмыс форматы қоғамдағы алыпқашпа әңгімелердің алдын алып, қабылданатын шешімдердің легитимділігін арттырады. Ең бастысы азаматтардың ұсыныстары мен ой-пікірлері ескерілетін нақты диалог алаңы қалыптасып отыр.

Алдағы өзгерістер еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл үдерісте формализмге емес мазмұнға, декларацияға емес нақты нәтижеге басымдық берілуі тиіс. Конституциялық комиссияның кәсіби әрі өкілді құрамы бұл жауапты міндетті лайықты деңгейде атқарады деп сенемін.

Әділетті Қазақстан ұғымы қағаздағы ұран емес, Конституцияда бекітілетін өмірлік қағида болуы керек.

Жанарбек ӘШІМЖАН, 

мәжіліс депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button