Мәдениет

Билік бақ па, сынақ па?

Астана қаласының «Жастар» театры жаңа ­премьераны ұсынды. Белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем» әфсанасының желісімен «1001 түн» қойылымы сахналанды. Қоюшы ­режиссері – аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.

Премьера аясында жас суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, зергерлердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Мұнда қойылған жұмыстардың көпшілігі ертегі әлеміне жетеледі. Аталған театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген сынды белгілі адамдардың портреттері де орын алды.

Егер ғайыптан тайып, бір күні таңда патша болып оянсаңыз не етер едіңіз? Билік – бұл бақ па, сынақ па? Алақанында әлемді ұстаған әміршінің жүрегінде не бар: күмән ба, күш пе, кек пе?.. Қолыңыздан билік сусып түскенде қайғы-қасірет шегесіз бе, әлде шын бостандыққа жетесіз бе? Қойылым осындай сұрақтарды көрерменге қойып, ойландырады. Талантты актер Жандәулет Батай сомдаған бас кейіпкер Әбілқасан басынан түрлі оқиғаны өткізеді. Біресе әмірші, біресе қарапайым адам болады. Оны мұндай күйге үйіне қонақ болатын Мосыл саудагері, шын мәнінде, адамның ойында не барын білгісі келетін әмірші (Азамат Эсқұлов) түсіреді.

Қойылымда өмірдің көп адам байқай бермейтін бояулары, адамның өзімен-өзі іштей арпалысы суреттеледі.

Қоюшы режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, ол шығыс жұлдыздары саналатын шайырларды бұрыннан қызығып оқитын. Сол себептен олардың философиялық шумақтарын қойылымға қосты. Сондай-ақ спектакльде қазақи мақамдар да баршылық. Қойы­лымға «Жастар» театрының барлық әртісі қатысты. Негізгі кейіпкерлерді Мәдениет саласының үздігі Мәдина Май, Айым Жүсіпбекова, Данияр Оразаев, Ернар Жұматаев, Заңғар Әбдірәсіл, Сүндет Сәрсен секілді актерлер сомдады. Костюмдермен қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов айналысты. Сахналық киім шығыстың емес, қазақи ұлттық нақышта, заманауи стильде тігілді. Сондай-ақ Анар Жүсіпова және Асан Бораншы сынды балетмейстерлердің еңбегін атап өткен жөн. Қиял-ғажайып әлемге енгізіп, ойнақы әуен мен нәзік қимыл арқылы әсер сыйлайтын қойылым көрермендердің көңілінен шықты.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button