Руханият

Биік парасат

Баласағұндық Жүсіптің «Құтадғу білік» еңбегінде мәртебелі мамандық иелері төңірегінде: «Ұстаз-ғалымдар қауымы – халыққа ғылымымен жарық берушілер. Оларды қатты жақсы көр, сөзін құрметте. Көп болсын, аз болсын, білімін үйрен» дейді. Мыңжылдықты артқа тастап айтылған сөз болса да, құндылығы сол қалпында. Бүгін осындай мәңгілік мәнін жоймайтын сөздің алтын арқауына айналған ұстаз-ғалым жайлы сөз қозғамақпыз.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Шайтмағанбетқызы Әшірбекова өмір жолын медиаөндірісте қызмет ететін білікті мамандар даярлауға арнады. Ұстаз-ғалымның ғұмырдариясы өзі еңбек еткен саланы дамытуымен, оған жаңа леп әкелуімен мәнді.          Алдымен, Гүлмира Шайтмағанбетқызының жастығының куәсі, альма-матері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне тоқталғанымыз жөн болар. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Намазалы Омашев, Қырықбай Алдабергенов, Кәкен Қамзин, Камал Смайылов, Бауыржан Жақып, Бауыржан Омаров сынды марғасқалардың мектебінен өткен білімге құштар жанның осал болуға да хақысы жоқ еді. Қазақ журналистикасының тарихын, қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын бірізге түсіріп, БАҚ-тың әр тармағын зерттеу нысанына айналдырған, жанр мен пішінді жіктеген ғалымдар ғылымның шырмауық жолында адаспай, өзінен кейінге буынға жол көрсете білді. Ұсталар шеберханасының талабы да қатал болатын. Сол сыннан сүрінбей өткен алғыр шәкірт бакалаврда ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың жетекшілігімен диплом жұмысын, көптің тісі батпайтын, ел талапшылдығын аңыз қып айтатын Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, филология ғылымдарының докторы, әйгілі ғалым Темірбек Қожекеевтің жетекшілігімен магистрлік жұмысын қорғады.

Қазақ ұлттық университетінен журналистиканың бакалаврын, магистратурасын үздік тәмамдаған Зухра Нұрмағанбетова, Гүлмира Әшірбекова, Асыл Оразова, Аягөз Әбдіразахова Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жанынан ашылған журналистика мамандығының қазығын қақты. Жаңа ғасырға қадам басар ғасыр тоғысында «Сыр журналистикасының төрт тағаны» осылайша өз қызметіне кірісті. Талап-тілегі, мақсат-мүддесі ортақ төрт оқытушы табан аудармастан, жиырма жылдан аса уақыт бойы бір мамандықтың жүгін арқалап келді.

Сыр өңіріндегі оқу орны сапалы білім беруді қамтамасыз ету жолында профессор-оқытушылар құрамының ғылымдағы орнын айшықтауға, ізденісін жалғастыруға күш салды. Осы тұста кезек журналистика мамандығының жас оқытушысы Гүлмира Шайтмағанбетқызына да келді. 2007 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың жетекшілігімен «А.Тоқмағамбетовтің публицистикасы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, ғылымдағы жолын мөрледі. Гүлмира Әшірбекова әріптестерімен бірге журналистика білім беру бағдарламасының заман талабымен үндес болуына да ықпал етті. Соның нәтижесінде университет түлектері еліміздегі журналистика, қоғаммен байланыс саласындағы алдыңғы қатарлы толқынға айналды. Атап айтсақ, Айжан Абдуллаева, Айдын Қайруллаев, Гүлмира Ділдәбекова, Ғалымжан Қараманұлы, Айгүл Нұрман, Нұрбек Әмиша, (Сахитжан Бермағанбетов), Бағдат Әбдіқожаева, Ақерке Биятова, Сәуле Алдамұратқызы, Ақсұлу Арзықұлова, Тәжімұрат Әлжанов, Нұрлан Жақыпбеков, Гүлбану Мақажан, Гүлжан Қайырбекқызы, Назерке Саниязова, Мақсат Дауылбай осы қатарды толықтырды.

Жоғары оқу орны қабырғасында «Қазақ журналистикасының тарихы», «Сыр журналистикасының тарихы мен тәжірибесі», «Публицистикалық шығармашылық негіздері», «Журналистік шеберлік», «Мультимедиалық журналистика» секілді пәндерден дәріс оқыды. Ұлт қайраткерлерінің жанкешті әрекеттері мен шығармашылық мұрасы, публицистикалық шеберхана, жазу машығы, заманауи журналистік трендтер төңірегіндегі құнды ізденістері мен пікірлері шәкірттерінің санасына сәуле түсірді. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, Сыр руханиятының дамуына да сүбелі үлес қосты. «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген 200 томдық жинақтың редакторы болды. 2012-2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Сыр өңірі журналистикасы: тарихы, қалыптасуы, даму кезеңдері» ғылыми жобасы аясында аймақтық журналистикаға қатысты тың деректерге қол жеткізіп, оны ғылыми айналымға енгізді.

Қорқыт Ата атындағы университетте дәріс оқи жүріп, баспасөзбен байланыстан да қол үзген жоқ. Республикалық педагогикалық, ғылыми-әдістемелік «Тағылым», «Тұрмағамбет», «Базар жырау» журналдарында жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары ретінде қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ республикалық Alashinform.kz ақпарат агенттігінде қызмет етіп, заманауи редакцияның жұмысын жандандырды, конвергентті редакцияға тән дағдыларды меңгертті. Мәдени мұрамызды жаңғыртуға бағытталған Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Ақпарат толқыны» бөлімін екі жыл басқарды.

2019 жылы алғашқы астанамыздан бүгінгі астанамызға көш түзеді. Елорда төріндегі ұлттық университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі қызметіне келді. Жаңа ғылыми ортаға жаңа серпін әкелді. Атап айтсақ, «Медиаөнер» білім беру бағдарламасын әзірлеу арқылы өнермен сабақтас журналистикаға қызыққан студенттерді бір ортаға жинады. Биыл осы мамандықтың алғашқы қарлығаштары қанат қағады. Сонымен қатар аталмыш білім беру бағдарламасына және халықаралық журналистикаға сұраныс артуына байланысты олардың магистратурасын ашты. Ж.Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университетімен байланыс жасай отырып, қосдипломды білім беру бағдарламасын әзірледі. Одан қала берді, «Медиадизайн», «Айқын» газетінің арнайы аудиториясының материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуына, студенттердің шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасады. «8D032-Журналистика және ақпарат кадрлар даярлау» бағыты бойынша диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы ретінде жас ғалымдарға жол көрсетті. Қазіргі таңда «032-Журналистика және ақпарат» Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі.

Қауымдастырылған профессор бүгінде 50-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Ғылыми жаңашылдық пен жүйелі талдауды басты бағыт еткен ғалымның ғылыми мектебі қалыптасып келеді. Осыдан бір ай бұрын ғана PhD докторанты Әсел Қырғызғалиқызы «Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі Қазақстан және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік медиаобразы (танымал ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде)» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Одан бөлек, докторанттары Ризагүл Бакенова, Қымбат Досыбекова, Нұрсұлтан Ақжол тақырыптары бойынша тыңғылықты зерттеу жүргізіп, ғылымға даңғыл жол салуға бекініп отыр. Магистранттарының да ізденіс бағыттары бір атанға жүк боларлықтай.

Шәкірттерінің жүрегінен жол таба білген ұстаздың айналасын қаумалай, құнды кеңестеріне құлақ түретін студенттері де баршылық. Бүгінгі мақаламыздың өзегіне айналған Гүлмира Шайтмағанбетқызы бакалаврда ұстазымыз әрі тәлімгеріміз болды. Биязы қалпымен, байсалды мінезімен, білімділігімен, ішкі мәдениетінің жоғарылығымен бізге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Группаласым Серікхан Жүзеев екеуміз ұстазымыздың ізінен еріп, ғылым жолына аяқ бастық. Серікхан былтыр халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Reading университетінен «Білім берудегі менеджмент» мамандығы бойынша тағылымдадан өтті. Елге келе салып, докторлық диссертациясын қорғап, PhD доктор атанды. Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі. Мен де осы жылы докторантурамды аяқтап, ғылым көшіндегі жаңа құбылыс — медиакеңістіктегі пост-шындық ұғымына қатысты зерттеу жұмысымды жалғастырудамын. Тағы бір ерекше тоқталып өтетін шәкірті Жанар Бегайдарова ұстазымызбен бірге бір факультетте қызмет атқарып жүр. Басты бағдаршамымыздың қамқорлығы, ғылым жолындағы жанашырлығы, бағыт-бағдар беруінен нағыз ұстаз бейнесінің қандай болатынын ұғындық. Қазақ журналистика ғылымының көшін сүйреген ғалымның болмысы парасат биігінде. Сол биіктік кемел оймен суарылып, сүбелі сөзбен өрілген, теңдессіз тәжірибемен шыңдалған.

Гауһарай ЕСІМОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button