BI Marathon қайырымдылық жарысы өтті

Астанада 5 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысқан дәстүрлі BI Marathon қайырымдылық жарысы өтті. Жарыс спорт пен ізгілікті біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, қатысушылар тазалыққа да бейжай қарамай, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде атсалысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Біз қаламызда тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Сондықтан бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, саябақтың айналасын күл-қоқыстан тазартуға үлесімізді қостық. Бұл іс-шарадан жастардың қалыс қалмағанын қалаймын. Өскелең ұрпақ қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауы қажет деп ойлаймын», – деді еріктілердің бірі.
«10 шақырымды 1 сағатта жүгіріп өттім. Жаңбыр жауса да, көңіл күй тамаша. Мұндай жарысқа алғаш рет қатысып тұрмын. Жарыс жақсы ұйымдастырылған. Жүгірістен кейін бізге палау мен бауырсақ берілді. Ең бастысы — әр қатысушы өз қоқысын жинап, айналаны таза қалдырды. Осындай шараларға алдағы уақытта да қатыса беремін», – деді қатысушылардың бірі.
Марафоннан түскен барлық қаражат «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорына жолданды. Спорттық шара Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын әрі мағыналы мерекеге айналды.
BI Marathon елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын спорттық мерекеге айналды. Марафон қашықтығы 10, 21 шақырымды құрады. Ал ең кішкентай қатысушылар 400 м және 1 шақырымда жүгірді.