Құқық

Бетті тұмшалайтын киімдерге ресми түрде тыйым салынды

       Қазақстанда бетті тұмшалайтын киімдерге ресми түрде тыйым салынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бетті жабатын киім киюге тыйым салатын заңға қол қойды. Енді Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімді киюге ресми түрде тыйым салынады. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Алайда кейбір жағдайда бұл тыйым қолданылмайды. Атап айтқанда, Қазақстан заңдары талаптарын орындау кезінде, қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару барысында, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау кезінде, ауа райының қолайсыздығына байланысты және спорттық, бұқаралық спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде қажеттілігіне қарай бетті тұмшалауға тыйым жоқ. Бұл норма тиісті заңға енгізілген өзгерістер аясында заңдастырылды.

Жалпы аталған заңды өзгерту туралы ұсыныс 2018 жылы қаралып, мәжіліске кері қайтарылған болатын. Енді міне биыл қайтадан Парламент Сенатының депутаттары бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім түрлерін қоғамдық орындарда киюге тыйым салуды көздейтін заң жобасын талқылап, «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға тиісті түзетулер енгізді.

Мемлекет басшысы биыл Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу туралы айта келе, бет-жүзді тұмшалайтын қара киімге қатысты ойын ортаға салған еді. «Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», – деген еді ол.

Жалпы елімізде соңғы жылдары хиджаб мәселесі жиі талқыланып жүр. Осы киімге байланысты деструктивті діни ағымдар қарқынды жұмыс жүргізіп жатқаны айтылып, депутаттар мен қоғам қайраткерлері дабыл қақты. Қазақ әйелдері басынан ақ жаулығын тастамағаны белгілі. Бірақ ешқайсысы бет-жүзін бүркелемеген. Исламда да «бетті тұмшалап, қара киіну керек» деген талап жоқ екен. Сондықтан қауіпсіздік жағынан болсын, ұлттық құндылықтарды сақтау және дін тұрғысынан келсек те, бетті тұмшалауды тыюдың әбестігі жоқ.

Ислам мемлекеттерінде кең тараған бетті тұмшалай киетін киімнің никаб және пәренже деген екі түрі бар. Соның никаб деген түрін Қазақстанда да киетін әйелдер ара-арасында көзге түсіп қалады. Бет пен шашты түгел жауып, тек көздің тұсынан саңылау қалдыра тігілетін бұл киімді кию Сауд Арабиясында, Катар мен Йемен, Бахрейн, Оман, Кувейт, БАӘ және Пәкістанның кей бөліктерінде кең таралған. Никабты қоғамдық орындарда киюге Еуропаның және бұрынғы кеңестік республикалардың бірқатарында тыйым салынған. Көптеген елдер қауіпсіздікке нұқсан келу, қоғамдық сананы бұзу және интеграция мәселелеріне байланысты никаб киюге тыйым салады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button