«Бес қару» дәріс-көрмесі өтті

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи мұражайының «Көне заман-ХІХ ғасыр» залында жауынгерлік қару түрлері туралы «Бес қару» атты дәріс-көрме өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Дәрісті елордадағы техникалық колледж студенттері мен Ақмол кентіндегі 44813 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары үшін эксперименталды археолог блогер Нұрқожа Ерсайын өткізді.
Жас тарихшы Н. Ерсайын XV-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы жауынгерлерінің түрлі қару түрлері туралы егжей-тегжейлі айтты. Ол қазақ батырларының «Бес қару» қару-жарақ кешеніне кеңірек тоқталды.
– Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Жауынгер оған ие болуы керек. Бұл – найза, садақ, қылыш, шоқпар, айбалта.
Бұрынғы кезде қарудың бір түрін пайдалануды өте шебер меңгерген жауынгерлерді бір топқа біріктіріп, арнаулы садақшылар, найзагерлер, семсершілер қосындары бөлек-бөлек құрылып, оларды қажетіне қарай қолдану әдісі соғыс тактикасын анықтаған, – деді Н. Ерсайын.
Бес қару қасиетті саналған. Оған байланысты көптеген дәстүрлер бар.
— Батырлар тек әскери істермен айналысқан. Ұрыста өлу — олар үшін мәртебе. Жауынгер отбасында дүниеге келген бала әкесінің ісін жалғастыруға міндетті болған. Батырлар өз жерін сыртқы жаудан қорғап, ішкі тәртіпті сақтаған, – деп қорытындылады дәріскер.
Нұрқожа Ерсайын Қазақ батырлары қолданған атыс қаруының алғашқы түрлері туралы да қысқаша айтып берді. Іс-шараны әскери мұражайда өткізудің арқасында тыңдаушыларға өткен ғасырлардағы жауынгерлердің қарулары туралы біліп қана қоймай, олардың ежелгі үлгілерін көруге де мүмкіндік берілді.