Руханият

Берлинге дейін барған

Ұлы Отан соғысына Ақмола қаласының іргесіндегі Берді ауылынан аттанған Шамбай Сарбасов – Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған майдангердің бірі.

Менің әкем Шамбай Сарбасов Ақмоланың әскери коммисариатынан тексеруден өткеннен кейін, ел басына қасірет әкелген сұрапыл соғысқа 460-миномет полкінің сапында кіріседі. Неміс фашистерінің шабуыл ұйымдастыруы ықтимал майдан шебін миналаумен айналысады. Соғыс кезіндегі жауынгерлік ерлігі үшін бірнеше мәрте полк басшылығынан алғыс алады.

Асқар таудай әкемнің со­­ғыс туралы айтқан әңгімелері менің санамда әлі жаңғырып тұр. 1945 жылдың басында полк құрамында Польша астанасын фашистерден азат етуге қатысады. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі ұрыс­тардан кейін Кеңес әскерлері неміс басқыншыларын Варшавадан түгелдей қуып шығады. Осы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін «Варшаваны азат етені үшін» медалімен марапатталады. Бұл кезде Гитлер жауынгерлері біртіндеп кейін шегініп жатқан болатын. Содан майдангер әкем қару­ластарымен Берлинге бет алады. Неміс фашистерімен бірнеше күн бойы шайқас жүргізеді.

Берлиндегі Жеңіс кү­нін қарсы алған сәтін әкем өмір бойы айтып, мәртебе санайтын. Әсіресе Сталиннің бұйрығымен «Берлинді алғаны үшін» медалін алғанын мақтан ететін.

Соғыстан кейін туған елге оралып, бала-шағасымен қауышып, еңбек майданына араласты. Ұзақ жылдар теміржол саласында еңбек етті.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан со­ғысында қаза тапқан боз­дақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігін ұмытпау кейінгі буынның азаматтық парызы деп білемін. Соғыста әкелеріміз бен аталарымыз ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Отан алдындағы антқа адалдығын көрсетті. Осы орайда мен де ардагердің ұрпағы ретінде майданда қанымен, жанымен Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгердің ерлігі үшін қарыздар екенімізді еске салғым келеді. Жеңіс күні соғыс қасіретін көрген әрбір майдангердің ұрпағы үшін қасиетті болып қала береді.

Орынбасар ШАМБАЙҚЫЗЫ,

майдангердің қызы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button