Ел тынысы

Береке мен қуаныш көп болсын!

Көктемнің шуағымен бірге келетін, табиғатпен үндесіп, адамзатқа үміт пен қуаныш сыйлайтын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ғасырлар қойнауынан жеткен, халқымыздың рухани тамырымен сабақтас, береке мен бірліктің, мейірім мен ізгіліктің символына айналған ерекше мереке. Осы бір жарқын мейрам әр шаңыраққа шаттық пен жылулық, әр отбасына амандық пен ырыс әкеліп, елордамыз тұрақты даму жолында өркендей берсін!

Өткен 2025 жыл біздің №5 қалалық емхана ұжымы үшін нақты өзгерістер кезеңі болды. Біз денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан реформалардың бел ортасында болып, Қазақстанда алғашқылардың бірі ретінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғыртуға бағытталған пилоттық жобаны толық енгіздік. Бұл жоба біз үшін тек өзгеріс емес, нақты нәтиже берген жұмыс болды. Қабылдауға жазылу уақыты қысқарып, дәрігерге қолжетімділік артты. Бұрын бірнеше күн күту қалыпты жағдай болса, қазір көптеген мәселе 1-2 күн ішінде шешілетін деңгейге жетті.

Сонымен қатар учаскелік қызмет қайта қаралып, дәрігердің жүктемесін тиімді бөлуге мүмкіндік жасалды. Үйге шақырулардың бір бөлігін мобильді бригадаларға беру арқылы дәрігердің қабылдауға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасалды. Бұл қабылдаудың сапасына тікелей әсер етті. Орта буын медицина қызметкерлерінің рөлі де жаңа деңгейге көтерілді. Медбикелердің қызметі нақты бағыттарға шоғырландырылып, олардың кәсіби құзыреті кеңейтілді. Бүгінде олар дербес қабылдау жүргізіп, күн сайын ондаған пациентке сапалы қызмет көрсетуде.

Бүгінде біз тек қол жеткізген нәтижелермен шектеліп қалмай, жұмысты әрі қарай жалғастырып келеміз. Денсау­лық сақтау саласы үздіксіз дамуды талап етеді, сондықтан біз қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырмыз.

Құрметті елорда тұрғындары! Сіздердің денсаулығыңыз – біздің басты жауапкершілігіміз. Әрбір пациенттің сенімі біз үшін өте маңызды. Наурыз мейрамы әрқайсыңызға жаңа үміт, жақсы өзгерістер, мықты денсаулық әкелсін! Әр шаңырақта береке мен қуаныш болсын!

Алтыншаш ТАБУЛДИНА,

Астана қалалық №5 емхана директоры, мәслихат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button