Елорда тынысы

Белсенді адам ұзақ өмір сүреді

Кеше Астана қаласының Қоғамдық кеңесі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-нің қызметі мен дамуына арналған қоғамдық тыңдау өткізді. Ашық диалог форматындағы іс-шарада қатысушылар орталықтың қазіргі таңда атқарып жатқан жұмысы, әлеуметтік қызмет түрлерін дамыту және тағы да басқа өзекті мәселелерді талқылады.

Тыңдауды Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қоғамдық кеңес қызметін ұйымдас­тыру» жобасы шеңберінде «Белсенді азамат» қоғамдық қоры ұйымдас­тырды. Тыңдаудың бастамасына қаладағы қарт буын өкілдерінің Қоғамдық кеңестің Telegram-ботына @Qogamdyk_kenes_bot арқылы жолдаған өтінімі себеп болған. Аталған платформа елорда тұрғындарына өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді, ал түскен өтініштер кеңестің құзыреті шеңберінде қаралып, ашық талқылауға шығарылады. Өтініште Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қарияларға қарым-­қатынас жасау, денсаулығын нығайту және қоғам өміріне белсенді қатысу үшін маңызды ортаға айналғаны атап өтілген.

– Бұл жолы біз орталықтың жұмысын одан әрі дамыту жайын талқылау үшін жиналып отырмыз. Ашылған уақыттан бері ұйым өзінің тиімділігін көрсетті. Жылдан-жылға қатысушылар қатары артып келеді. Ендеше оның жұмысын жандандыра түсу маңызды. Осы орайда бірқатар мәселе де жоқ емес. Аға буын өкілдері өзін қоғамның маңызды бір бөлігі екенін сезіне түсу үшін бұл жұмыстар жалғаса береді, – деді Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Тәңірбергенова.

Жиындағылардың айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар практикалық сұрақ туындауда: орталықтар қалай қаржыландырылады, бағдарлама қалай дамиды, елорданың әртүрлі ауданында қатысу қаншалықты қолжетімді, тіркелу тәртібі қандай, сондай-ақ көлік қолжетімділігін және бағыттардың әртараптандырылуын қоса алғанда, бағдарламаларды ке­ңейту мен қатысушылар санын арттыру мүмкіндігі бар ма деген мәселелер өзекті болып отыр.

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 2022 жылдың 1 қаңтарында құрылған. Ұйым мақсаты – қарт адамдарды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту арқылы олардың физикалық және психикалық денсаулығын арттыру, әлеуметтік әл-ауқатын және өмір сапасын жақсарту, сондай-ақ қазіргі қоғамда белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін енгізу. Орталықтың қызметіне егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени демалысын қамтамасыз ету, соның ішінде спорттық-сауықтыру, бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған бірқатар бағдарлама, сондай-ақ қауіпсіздік, құқықтық және қаржылық сауаттылық мәселелері бойынша дәріс оқу кіреді. Қазіргі уақытта елордада Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, ­Сарайшық, Сарыарқа аудандарында 6 филиал жұмыс істеп тұр.

– Біздің орталық ашылғаннан бері 18300-ден астам қызмет алушы, яғни егде жастағы адамдар тіркелді. Олар сауықтыру, мәдени және оқу бағдарламаларына қатысып келеді. 6 аудандағы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімдерімізге күніне 3000-нан астам адам келеді. 2025 жылдың 11 айында 4694 жаңа қызмет алушы тіркелді. Жалпы орталықтың әлеуметтік қызметін алу үшін келгендерге 497850 қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері 646 іс-шара өтті, оларға 32105 адам қатысты. Оған концерт, музейге экскурсия, театрға бару, дәріс, кездесу және басқа да іс-шаралар кіреді, – дейді Астана қаласы әкімдігіне қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.

Орталықта зейнеткерлер 24 бағыт бойынша өтетін сабақтарға белсенді қатысады, сондай-ақ 25-тен астам қызығушылық клубы жұмыс істейді. Барлық кабинет қажетті инвентарьмен, соның ішінде тренажерлермен, ұйымдық техникамен және басқа да жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Барлық аудандағы бөлімдердің ор­наласуы қолайлы. Тіркеу мекенжайы­на қарамастан, қарттарға әлеуметтік, мәдени және сауықтыру қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бөлімдер барлық сабақты өткізуге мүмкіндік беретін жайлы, заманауи жабдықталған әрі функционалды кабинеттермен қамтылған.

Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдауды жоспарлап отыр. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, елордадағы қарт азаматтардың мүддесіне қатысты мәселелер кезең-кезеңімен қаралады.

Райхан Рахметова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button