Мәдениет

Белгітасқа қосылған күйші есімі

Астанадағы «Күйшілер» аллеясында қазақ халқының күйшілері мен композиторларының есімдері қашалған белгітас бар. Бұл қатарға осыдан бір жыл бұрын өмірден өткен күйші-композитор, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Дүйсеннің аты қосылды.

Күйші есімінің белгітасқа жазылуына орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Дина Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған іс-шараға қалалық Мәдениет басқармасы, елорданың Алматы ауданының әкімдігі мен «Күй анасы» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Ал ескерткішке Орынбай Дүйсеннің аты қосылуына оның шәкірттері, осы салтанатты жүргізген күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов пен Ерболат Сапуанов мұрындық болды.

Жиында сөз бастаған «Күй анасы» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Қуанышев күйші шәкірттерінің ұсынысымен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми кеңесінің шешімімен белгітасқа Орынбай Дүйсеннің есімі жазылғанын айта келе, оның жарқын бейнесін еске алды, қазақтың күй өнеріне қосқан үлесіне тоқталды. Алдағы уақытта «Күйшілер» аллеясында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің ірі өкілдеріне арналған белгітас орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған күй құдіреті туралы толғанды. Күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған Орынбай Дүйсеннің өмір мен өнер жолы, кісілік келбеті жайында әңгімеледі. Соның ішінде Алматы эстрада-цирк студиясын (қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжі), кейін Құрманғазы консерваториясындағы Құбыш Мұхитовтың класын қызыл дипломмен бітіргенін, студент кезінен Құрманғазы оркестрінде домбырашы болғанын атап өтті.

Орынбай Дүйсен – Астанадағы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің негізін қалаған ұстаздардың бірі. Осы оқу орнында өмірінің соңына дейін қызмет істеп, профессор ғылыми дәрежесін алды. Университет атынан музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Мұсақожаева сөз сөйлеп, естеліктерді жаңғыртты. Тарих ғылымдарының докторы, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсеметов аталмыш музейде қазақ күй өнерін насихаттау, әсіресе қуғын-сүргінге ұшыраған күйшілер есімдері мен мұрасын дәріптеу бағытындағы жұмысқа Орынбай Дүйсен үлкен көмек, қолдау көрсеткенін айтып, оның атына елордада бір көше беруді ұсынды.

Айта кетерлігі, қазір күйші туралы кітап баспаға дайын тұр. Еңбек авторы – Гүлжанат Біржанова. Оны шығаруға қолдау керек болып жатыр. Жиында осы жөнінде құлаққағыс етілді. Орынбай Дүйсеннің алғашқы шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев Қазанғаптың «Көкілін», күйшінің соңғы шәкірттерінің бірі Табыс Құдайберген ұстазының «Отпантау» күйлерін тартты. Орынбай Кәріғұлұлының отбасы атынан алғыс айтылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button