Беймәлім тағам – бейқам бақылау

Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов балалар мен жасөспірімдердің тамақтануына қатысты өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, жасөспірімдердің басым бөлігі фастфуд пен энергетикалық сусындарға әуес болып, олардың денсаулыққа тигізетін ұзақ мерзімді зиянын ескере бермейді. Үкімет басшысы көтерген бұл түйін – жеке бір отбасының емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін күрделі мәселе.
«Астана ақшамы» газеті осыдан 2 жыл бұрын «Тамақтан төнген қауіп» (№4, 11.01.2024, Қ.Үсемханұлы) деген тақырыппен мақала жариялап, шетелден әкелінген, балалар денсаулығына қауіп төндіретін зиянды тағамдардан сақтану туралы дабыл қаққан еді. Мақалада Қытайдан әкелінген арзан, бірақ сапасы күмәнді «қоқыс» тағамдардың адам денсаулығына аса зиян екені, оның қаптамасында мемлекеттік тілде жазылған түсіндірмесі де жоқ, «Тіл туралы» заңды белден басып жатқаны айтылып, оның жолын кесудің жолдары да көрсетілген болатын. Ұлтымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты бұл өзекті мәселеге сенатор Бибігүл Жексенбай бірден үн қосып, Сенаттың пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, «қоқыс» тағамдардан еліміздің нарығын, балалардың денсаулығын қорғау бағытында нақты ұсыныстарын жеткізген болатын.
Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың күнделікті тұтынатын тағамында құнарлы тағамнан гөрі, тез дайындалатын, құрамы күмәнді өнімдер басым. Фастфуд пен энергетикалық сусындар уақытша сергектік бергенімен, ұзақ мерзімде ағзаға орасан зор зиян келтіреді. Дәрігерлер мұндай тағамдардың семіздікке, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, жүрек-қан тамырлары ауруларына және психоэмоционалдық тұрақсыздыққа әкелетінін жиі ескертеді. Бірақ оны ескеріп жатқан ата-ана да, бала да жоқ.
Мәселенің ең алаңдататын тұсы – мектептердің маңайында бақылаусыз сатылып жатқан тағам өнімдері. Келу қайнары белгісіз, қаптамасында мемлекеттік тілде ақпарат көрсетілмеген, санитарлық талаптарға сай келмейтін тағамдар балалар үшін қолжетімді. Бұл – заң талаптарының сақталмауы, сауда ережелерінің бұзылуы ғана емес, ең алдымен, бұл жағдай өскелең ұрпақтың денсаулығына төнетін тікелей қауіп. Күн сайын мектепке барып-келетін балалар арзан әрі көз тартар тағамға алданып, құрамында зиянды қоспалар болуы мүмкін өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Оның салдары асқазан-ішек ауруларынан бастап, ұзақ мерзімді денсаулық мәселелеріне дейін әкелуі ықтимал.
Заң талаптарына сәйкес, білім беру мекемелерінің маңында сатылатын тағам өнімдері қатаң санитарлық бақылаудан өтуі тиіс. Алайда шынайы өмірде бұл талаптардың сақталмай отырғаны анық байқалады. Тиісті мекемелер тарапынан бақылау әлсіз, ал жауапсыз кәсіпкерлер үшін бала денсаулығы екінші орынға ығысып қалғандай.
Премьер-министрдің Денсаулық сақтау министріне осы мәселені реттеуге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсыруы – орынды әрі дер кезінде жасалған қадам. Дегенмен, бұл мәселені тек бір ведомствоның шеңберінде шешу мүмкін емес. Мұнда Білім министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, санитарлық қызмет, мектеп әкімшілігі және ең бастысы, ата-аналар бірлесіп әрекет етуі тиіс.
Өткен жылы Ақтөбе облысы Қобда орта мектебінің бірнеше оқушысы аудандық ауруханаға улану белгісімен түскен. Дәрігерлер сыныптағы 23 баланың барлығын ауруханаға жатқызып, тексерген. Зиянды тағамды жеген 7 баладан бөлек, тағы 2 балаға улану диагнозы қойылған. Осы жағдайдан кейін атқа қонған Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті еліміз бойынша 1500 дүкенге мониторинг жүргізген. Мамандар 14 түрлі өнімді сатып алып, әрқайсысының құрамын егжей-тегжейлі тексерген. Зерттеу нәтижесі бойынша аталған өнімдердің құрамында дәм күшейткіштер (тағамдық қоспалар) мен натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631) сынды ауыр металдардың бар екені анықталды. Оларды өндірісте қолдану техрегламенттерінің талаптары да белгіленбеген. Сондай-ақ тағамдарды таңбалауда өнімнің атауы, сандық құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының, импорттаушы ұйымның орналасқан жері, ГМО бар екені туралы ақпарат берілмеген. Өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалауды растайтын сәйкестік туралы декларация да жоқ болып шықты. Қысқасы, зерттеу нәтижесі Қытайдан әкелінген тіскебасарлардың құрамында адам ағзасына аса зиянды дәм күшейткіш қоспалар бар екенін айғақтады. Оны тұтынудың соңы семіздікке, аллергия ауруларына және ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатындықтан, елімізге аталған снектерді әкелуге және сатуға толық тыйым салынған болатын. Бірақ заң жүзінде тыйым салынғанмен, осындай балалардың денсаулығына зиянды тағамдар мектеп маңындағы дүкендерде әлі де сатылып жатыр. Яғни заң бар, бақылау жоқ. Үкімет басшысының сөзі осы жайды да еске салады.
Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елде мектептердің маңында фастфуд өнімдері мен энергетикалық сусындарды сатуға заң жүзінде шектеу қойылған. Бұдан бөлек, балаларға арналған тағам өнімдерінің құрамына, оларды жарнамалау тәсілдеріне және қаптамадағы ақпараттың тілдік талаптарына қатысты қатаң нормалар бекітілген. Мұндай шаралар жас ұрпақты зиянды өнімдерден қорғауға және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жапонияда балалардың тамақтану қауіпсіздігі мемлекет саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Мектептердің маңында фастфуд өнімдері мен энергетикалық сусындар сатуға қатаң шектеулер қойылған, ал балалардың басым бөлігі бірыңғай kyushoku мектептік тамақтану жүйесі арқылы ас ішеді. Ас мәзірі мамандар тарапынан бекітіліп, өнімдердің сапасы мен құрамы тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар, балаларға арналған тағам өнімдерінің қаптамасына, жарнамасына және құрамына қатысты талаптар өте қатаң. Бұл тәжірибе балалар денсаулығын қорғау тек тыйым салумен емес, жүйелі бақылау мен дұрыс балама ұсыну арқылы жүзеге асатынын көрсетеді. Ал Қазақстанда бұл бағыттағы бақылау әлі де жеткіліксіз. Сондықтан мектептер айналасындағы саудаға қатысты талаптарды күшейтіп, балаларға арналған өнімдердің қауіпсіздігін реттейтін кешенді тетіктерді енгізу қажет. Санитарлық бақылауды күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын және жауапкершілікті арттыруды қамтитын жүйелі қадам жасалуы керек.
Қысқасы, балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануы – елдің ертеңгі денсаулығы мен еңбек әлеуетінің кепілі. Фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелділікке қарсы күрес тек тыйым салумен шектелмей, салауатты өмір салтын насихаттаумен, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырумен қатар жүруі керек. Бұл – мемлекет, қоғам және әрбір ата-ананың ортақ жауапкершілігі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



