Қоғам

Бейбітшілік апталығының берері көп

Астана қаласындағы І. Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында Бейбітшілік апталығы өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары – IWPG Халықаралық әйелдер бейбітшілік тобының 10- Жаһандық Аймағы және IWPG Бейбітшілік Комитетінің Астана қаласындағы Өкілдігі.  

Бейбітшілік апталығының шымылдығын VII-Халықаралық «Сүйіспеншілікке толы Бейбітшілік» Өнер байқауы ашты. Оған  113 оқушы қатысып, соның барысында төрт номинациядағы 1- орынға ие болған 4 жұмыс Оңтүстік Кореяға жіберілді. Бұл  байқаудың қорытындысы жыл соңында жарияланады. Қазылар алқасының төрайымы – елімізде және шетелде танымал суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, сондай-ақ Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, IWPG Алтыншаш Алпысбаева. Халықаралық әйелдер бейбітшілік тобы бұл байқауды 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында бейбітшілік мәдениетін насихаттау мақсатында 2018 жылдан бастап өткізіп келеді. Мектеп педагогтарына арналған «Сүйіспеншілік – бейбітшілік бастауы» атты психологиялық тренингке 30 педагог қатысты. Мектептің психологы Баян Шонаева тренингті сауатты құруы арқылы Сүйіспеншілік, Бірлік және Бейбітшілік ұғымдарының өзара байланысын аша білді.

Сонымен қатар мектептің жоғары сынып оқушыларының арасында өткен “Бейбіт өмір болашаққа жетелейді” атты эссе байқауына 158 оқушы қатысты.  Бұл байқаудың мақсаты – бүгін партада отырған, ал ертең бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге жетелейтін ұрпақтарымыздың азаматтық жауапкершілікті сезінуіне ықпал ету. Байқау қазылар алқасының төрағасы – ҚР журналистер Одағының мүшесі, Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ басшысы Арман Шеризат жасөспірімдер өз болашағын жарқын болуын бейбіт өмірмен ұштастырып, ойларымен бөлісе білгенін атап өтті.

Апталық аясында «Балалардың дүниетанымын қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі қандай?» атты педагогикалық дебаттар өтті. Жеңімпаз команданың «Үкімет» атынан қатысқан жас педагогтары балалардың санасын қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің оң әсеріне сенімді дәлелдер келтіре алды. Сонымен қатар көптеген ақпарат көздерінен өзіне қажетті ақпаратты дұрыс таңдауға балаларды үйрету керек екеніне назар аударды.

Биыл мектеп бітіретін түлектер мектеп ауласына 27 көшет отырғызды, ал жоғары және орта сынып оқушылары тек мектеп ауласын тазалаумен шектелмей, мектеп маңында тұратын қарт әжейдің де ауласын жинады. Оларға риза болған әжей батасын берді.

IWPG – Біріккен  Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінде (ECOSOC) және Жаһандық Коммуникациялар Департаментінде (DGC) тіркелген үкіметтік емес жаһандық әйелдер бейбітшілік тобы. Оның 122 елде 114 филиалы және 66 елде 730-дан астам ұйыммен серіктестігі бар. IWPG тұрақты жаһандық бейбітшілікті орнату мақсатында жұмыс істейді. Оның бастамалары ынтымақтастықты таратуға, бейбітшілік мәдениетін насихаттауға және Соғысты тоқтату туралы Декларацияны (DPCW) заңды күші бар халықаралық құралға айналдыруға бағытталған. IWPG Бейбітшілік Комитетінің Астанадағы Өкілдігі 2024- жылдың 7 желтоқсанында ашылды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button