«Beeline», сенде бет бар ма?

Соңғы уақытта қазақстандық ұялы байланыс абоненттері ұялы операторлардың тариф бағасын негізсіз көтеріп жатқанын жиі айтып жүр. Әсіресе «Beeline Қазақстан» қызметін пайдаланушылардың наразылығы күшейді.
Бірқатар тұтынушының айтуынша, компания ешқандай ескерту жасамастан немесе үстеме қызмет қоспастан, ай сайынғы абонент төлемін бірнеше мың теңгеге көтеріп жіберген. Бұл жағдайды байқап, себеп сұраған абоненттер «инфляция» мен «нарықтағы өзгерістер», «шарттар өзгерді» деген жалпылама жауаптан басқа ешқандай нақты түсініктеме ала алмапты. Ал қызығы – интернет жылдамдығы мен байланыс сапасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Керісінше, кей өңірлерде желі үзілуі мен интернеттің баяулауы жиілеп кеткен. «Бағаны көтердің бе – қызметіңді де соған сай қыл» деп реніш білдірушілер көбейіп отыр.
– Бұрын отбасы тарифі бойынша айына 12999 теңге төлейтінмін, көктемде еш себепсіз 14390 теңгеге көтерді. Оған да үндемеп едік, тамызда 19990 теңгеге бір-ақ көтерді. «Beeline» орталығына барып шу шығарып, арызданам деп едім, 6 айға дейін 14390 теңге төлей беріңіз деп «жеңілдік» жасағансып шығарып салды. Қымбаттағанына қарай интернет сапасы жақсарса мейлі ғой, бірақ интернет бұрынғыдан да баяу. Мұны қалай түсінеміз? Сонда бұлар бағаны өз бетінше өсіре бере ме? – дейді Әлімхан Жұмабек.
«Алдында айына 3990 теңге төлейтінмін, енді еш себепсіз 4490 теңгеге көтеріпті. Бірақ интернет бұрынғыдан да баяу» дейді Дана есімді елордалық көпбалалы ана.
Заңгерлердің айтуынша, ұялы оператор тарифті өзгерткен жағдайда, кемінде 30 күн бұрын тұтынушыны хабардар етуге міндетті. Егер ескерту жасалмаса, бұл – тұтынушы құқығын бұзу.
Қазір Қазақстандағы байланыс нарығында үш ірі оператор – «Kcell», «Tele2» және «Beeline» басымдыққа ие. Монополияға қарсы органдардың мәліметінше, соңғы екі жылда мобильді байланыс тарифі орта есеппен 15-20%-ға қымбаттаған. «Beeline Қазақстан» өз кезегінде тарифтердің қымбаттауын «инфрақұрылымды жаңарту» және «технологиялық шығындардың өсуімен» түсіндіреді. Дегенмен тұтынушылардың көбі бұл уәжді қабылдай қоймайды. Биыл жыл басында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Beeline» ұялы байланыс операторы қызметінде бірқатар заң бұзуды анықтады.
«Талдау нәтижелері көрсеткендей, «Beeline» тұтынушыларға үй интернетінің жылдамдығын таңдау мүмкіндігін шектеп, 100 Мбит/с-тан жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсынған. Бұл өз кезегінде бағаның жасанды түрде қымбаттауына және тұтынушылар құқығының бұзылуына алып келді» делінген хабарламада.
Халықтың қалтасы қалыңдап жатқан жоқ. Керісінше, қымбатшылық қысып тұрғанда, әрбір теңгені есептеу маңызды. Сондықтан байланыс операторлары тариф саясатын қайта қарастырып, халықпен ашық диалог орнатуы қажет. Әйтпесе «Beeline», сенде бет бар ма?» деген ренішті сұрақтың арғы жағында абоненттердің сенімінен айырылу қаупі тұр.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ