Астаналық базарда қызмет істейтін жастарға Конституция жобасы түсіндірілді. Референдумға байланысты бас қосуға «Capital Partners Astana» ЖШС Бас директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі Мекен Қарманов, «AMANAT» партиясының мүшесі Жомарт Қиялов қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге базарда сатушы болып еңбек ететін жастар жиналды.

— 15 наурыз маңызды шешімді қабылдайтын сәт болғандықтан қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жастар — қоғамның қозғаушы күші әрі Қазақстандағы басты капитал – адам ресурсы. Сондықтан базардағы қызмет істейтін жастарға жаңа жобаның маңыздылығын айтып жеткіздік. Жаңа Конституцияны оқып, терең түсінген жастардың жолы жарқын болады. Мүмкіндіктері мол болатынын айтқым келеді, -деді «Capital Partners Astana» ЖШС Бас директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі Мекен Қарманов.

Базардағы бас қосуда Конституциядағы тілдің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Өзгерістерге ерекше тоқталды.
— Жастар қай кезде де белсенді бола алады. Тек етене түсіндірілуі қажет болғандықтан Заң жобасының ерекшеліктерін, оның берер мүмкіндігі туралы айтып бердік. Алдағы өтетін референдумға белсене қатысуға шақырып отырмыз, — дейді «AMANAT» партиясының мүшесі Жомарт Қиялов.

Шараға қатысушылардың айтуынша заңдағы өзгерістер құқықтық тұрғыдан мемлекет тұрақтылығын нығайтып, халыққа оң әсерін тигізеді.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



