Руханият

Баянауылда «Балуан тас сапары» өтті

Qazaq kuresi ассоциациясының қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында алғашқы ғылыми-танымдық экспедициясын өткізді. «Балуан тас сапары» деп аталған бұл іс-шара қазақтың ұлы палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы ғұмырнамасына тиесілі тарихи тасты таныстыруға арналды.

 Сапарға «Baluan tas» академиясы жанындағы журналистер пулы, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жыршы-күйшілер қатысты. Экспедицияны Qazaq kuresi ассоциациясының басшысы, белгілі палуан Дамир Бекбосын және «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші ғалым Абылайхан Қалназаров бастап барды.

Бір күнге созылған маршрут Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде басталып, Мәшһүр Жүсіп Көпей кесенесіне зиярат жасаумен жалғасты. Онда А.Қалназаров өзі басып шығарған «Балуан тас» қостомдығын бұл кітапты жазуда әулие бабаның батыр-балуандарға қатысты жазбаларының пайдаланылғанын атап өте отырып Мәшһүр Жүсіп Көпей музейі қорына тапсырды. Оны атаның шөбересі, осы кесененің шырақшысы Әсет Пазылов қабыл алды. Одан кейін қатысушылар Баянауылдағы Қажымұқан көтерген әйгілі Қажымұқан тасына барып, оның тарихымен танысты.

Сапар барысында осы тарихи жәдігер орналасқан Қаныш Сәтбаев музейінде арнайы салтанатты рәсім өтіп, оның директоры Қайыргелді Әбілғазинге А.Қалназаровтың аталмыш «Балуан тас» екі томдығы мен «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлейменнің бірқатар темір-сымнан иілген жәдігерлері табысталды. Ал аймақтың Сабындыкөл жағасындағы табиғат аясында академияның тағы бір жобасы – «Күш лекциясы» ұйымдастырылып, Жасұлан Есімхан, Естеміс Мамырайхан сынды жыршы-күйшілер «Алпамыс», «Батыр Баян» секілді эпостар мен танымал күй-жырларды орындады. Кешкісін экспедиция мүшелері қайтадан Астанаға оралды.

Іс-шара барысында қатысушылар қазақтың батыр-палуан тұлғаларының рухани және күштік мұрасымен жақынырақ танысып, ұлы даланың ерлік дәстүрі мен ұлттық күш мәдениетінің мәнін сезінді. Қажымұқанның қолтаңбасындай болған Балуан тастың тарихын тану арқылы олар ұлттық мұраның жаңа қырын ашты. Сонымен қатар жергілікті палуандар мен басқа да балуан тастарға қатысты деректер мен мағұлыматтар хатталып, жинақталды.

Өз кезегінде Qazaq kuresi ассоциациясының директоры Дамир Бекбосын бұл бастаманың мәнін ерекше атап өтті:  «Қазақтың күш мәдениеті – біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Қажымұқан сынды алыптардың күштік мұрасын дәріптеу арқылы біз жас ұрпаққа қайсарлық пен отансүйгіштік өнегесін жеткізе аламыз. «Балуан тас сапары» – сол жолдағы алғашқы қадам. Бұл бастаманың жалғасы ел рухын көтеріп, ұлттық спорттың дамуына серпін береді деп сенемін», – деді ол.

Белгілі мәдениеттанушы, публицист Серік Ерғали болса, былай деп тарқатты: «Абылайхан Қалназар – Алаш құндылықтары мен қасиетін зерттеумен ғана емес, оны Ақселеу Сейдімбектерше кітап етіп жариялап, содан кейінгі сатыда мемлекеттік-қоғамдық жобаларға айналдырып жүрген азаматтың бірі. Мына «Балуан тас сапары» жобасы бірегей. Өйткені Ұлы Дала өткенінің қаһармандық рухынан бедер алған тасынның бірде-біреуінің назардан тыс қалдырмай, дәріптеу мәселесі әлі де жолға қойылмады. Олар түркілік масштабтағы Якутиядан Түркияға дейінгі аралықтағы ортақ күш мәдениетінің кодтары. Тіптен, Атты мәдениеттің символикалық-этнографиялық белгілері. Әзірге дейін табылған оншақты балуан тасы қолдан қойылған мемориал тақталар мен құрылыстардан әлденеше есе құнды. Ендігі міндет, бағалау мен қорғау, сосын насихаттап дәріптеуге келіп тіреліп тұр».

Ал күш мәдениетін зерттеуші ғалым Абылайхан Қалназаров экспедицияның ғылыми әрі рухани қырын айшықтап берді: «Қазақ тарихындағы әрбір Балуан тастың артында халықтың жадында сақталған киелі оқиға мен аңыз-әфсана бар. Біздің мақсатымыз – сол мұраны жинақтап, ғылыми айналымға енгізу және оны бүгінгі мемлекеттік қорғаныс пен спорттық-патриоттық идеология жұмысына негіз ету. Бұл экспедиция – тек өткенді еске алу ғана емес, қазіргі жастарды ата-бабамыздың ерлік дәстүріне баулуымен де ерекше. Біздің осы ғылыми-танымдық сапарымызға Qazaq kuresi ассоциациясының басшысы Дамир Бекбосын, Шымкент қалалық және Павлодар облыстық қазақ күресі федерацияларының жетекшілері Балтабай Асан мен Дархан Жоломановтың қатар қолдау көрсетуі де көрегендік пен ұлттық спортқа жанашырлықты танытады», – деді ол.

Бұл сапар – қазақ күшінің рухани-мәдени ізімен жасалған алғашқы экспедиция ретінде ерекше маңызға ие. Бұдан әрі Жамбыл облысы Шу ауданындағы Балуан Шолақ көтерген тас пен Ақмола-Көкшетау өңіріндегі бірқатар балуантастарға сапарлар жоспарлануда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қазақ күшінің картасы» жобасы алдағы уақытта балуан тастардың географиялық орнын картаға түсіруді, оларға қатысты аңыз-әңгімелерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізуді, сондай-ақ жастарды тарихи палуандар өнегесі арқылы спорт пен азаматтыққа баулуды көздейді. Сонымен қатар жоба жаңа күштік-спорттық маршруттар ашу арқылы Қазақстанның брендтік-туристік әлеуетін арттыруға да үлес қоспақ.

Еске сала кетейік, аталмыш жоба биыл сәуір айында Ұлттық академиялық кітапханада «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы жұмысымен жоспарлары аясында таныстырылып, оның тұсаукесері сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілігіндегі «Бас редакторлар клубының» қатысуымен өткен болатын.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button