Ел тынысы

Бауыржан Момышұлы атындағы мұражай-дәрісхана ашылды

Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Кеңес Одағының батыры, Халық қаhарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы атындағы мұражай-дәрісхана ашылды. 

Мұражай дәрісхана ашылар алдында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Тасболатов, Таулы Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагеріміз бен осы салтанатқа арнайы шақырылған қонақтар Кеңес Одағының батыры Ә. Молдағұлованың ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Бауыржан Момышұлы атындағы мұражайдың ашылуы – университетіміздегі атаулы дәрісханалардың қатарын толықтырды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Тасболатов, Таулы Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагеріміз М.Ү.Сұлтанбеков салтанатты түрде мұражай лентасын қиды.

Университет басшысы Қанат Тіреуовтің бастамасымен, Таулы Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлеріміздің демеушілігінің арқасында ашылған бұл мұражайдың студент-жастар үшін орны бөлек. Өйткені мұражайға «әлемге бейбітшілік пен қауіпсіздік сыйлау – әскери борышым» деп санаған қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы, Ауған соғысындағы, Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан ардагерлеріміз туралы ақпараттар, естелік заттар жинақталған. Осындай тарихи деректердің басын қосқан мұражай-дәрісхана жастарға бейбітшіліктің, достық пен ынтымақтың, қауіпсіздіктің құндылығын насихаттайды.

Мұражай-дәрісхананың ашылуында сөз сөйлеген Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов: «Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз – батыр бабаларымыздың ерлігі мен халқымыздың табандылығының нәтижесі. Оларды ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Бұл мұражайда тарихқа тағзым етуге, ерлікті еске алуға, бейбіт күннің қадірін білуге бағытталған тәрбиелік іс-шаралар өтеді» деді.

ІІ Дүниежзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына тұспа-тұс келіп тұрған даңқты қолбасшының атындағы мұражай – дәрісхананың ашылуымен генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Тасболатов, қоғам және мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант Б.Б.Жанасаев, генерал-майор М.Ә.Нуриманов, Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарының тарихи себептерін зерттеуші, қоғам қайраткері, Әзірбайжан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Ғылым Академиясының Құрметті академигі Н.Қ.Кенжина, генерал-майор М.Ә.Нуриманов, Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерінің атынан Т.Қ.Нұрханов құттықтады.

Университет тарапынан мұражай-дәрісханада құнды заттар қатарынан орын алған Б.Момышұылының қолы қойылған кітапты және батырдың отбасылық мұрағатынан алынған суреттердің көшірмесін табыстауға ықпал еткен Жамбыл облысы Мәслихатының депутаты Ұлан Сейсенұлына және Жамбыл облысы Жуалы ауданы Б.Момышұлы атындағы мұражай ұжымына, демеушілік көрсеткен азаматтар: Д.А.Гюльмалыйевқа, А.А.Камышанскийге, С.Қ. Ахметовке алғыс айтылды.

Мұражайды дамыту, оған қойылған экспонаттар алдағы уақытта да толыға беретін болады. Салтанатты жиыннан соң, іс-шараға арнайы келген Қарабах аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер мен ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерін университетіміздің әскери кафедрасы дайындаған әскери техникалар көрмесін көріп, мерекелік концертті тамашалап, әскери асханадан дәм татты. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткен бұл іс-шараның арғы жағында туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатын жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегі жатыр.

Зейін ӘЛІПБЕК, журналист,
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ
Медиакоммуникация орталығының басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button