Басты ақпаратЕл тынысы

Бауырлас елдердің болашағы баянды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысын өткізді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.

БИІК БЕЛЕСКЕ МҮДДЕЛІ

– Біз осы сара жолды жал­ғастырып, өзара байланысты бұдан да биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құрметті Президент мырза, Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, 60-тан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.

Тараптар тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы айрықша екенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді. Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.

Бұдан бөлек, кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылады.

Екі елдің ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы ынтымақ­тастығының болашағы зор. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықара­лық нарыққа шығарылуда.

Сонымен қатар тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтас­тық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты. Соның ішінде екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Та­йип Ердоған Қасым-Жомарт ­Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.

– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, Жоғары деңгейдегі стратегия­лық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысының шешімі қабылданды.

Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

САПАР СӘТТІ, КЕЛІССӨЗ ТАБЫСТЫ ӨТТІ

Өзара келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық кеңестің 5-отырысынан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайип Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.

– Қос халықтың игілігі үшін түбі бір түрік еліне жасаған әр сапардың мән-маңызы ерекше. Президент Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен Түркия өзінің алтын ғасырлық белесін тарихи жетістіктермен қарсы алып жатыр. Еліңіз жаңа дәуірге нық қадам басты. Құрметті Президенттің халықаралық сахнадағы сали­қалы саясатының арқасында Түркия әлемдегі беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекетке айналды. Мұның түп негізінде түрік халқының бірлігі, даналығы және қайсарлығы жатыр. Осындай биік белестерді бағындыру – Президент Режеп Тайип Ердоған мырзаның қажырлы еңбегінің жемісі деп күмәнсіз айтуға болады. Қазақ азаматтары Президент Режеп Тайип Ердоғанды және бүкіл Түркия елін шын жүректен құрметтейді. Қазақстан Түркияның толайым табысына әрдайым қуанады. Болашағының жарқын болуын тілейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір екі елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біз Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысын өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды қарастырдық. Түрлі саладағы байланысты жандандыратын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Түркия – сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты стратегиялық серіктесіміздің бірі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта сауда айналымын айтарлықтай арттырамыз. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Түркия Президенті бұл жолы да келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.

– Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық, тау-­кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Бұдан бөлек, Түркия Президенті туризм саласындағы ынтымақтастық перспективасына тоқталып, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің табыс­ты өткені үшін Режеп Тайип ­Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button