Қоғам

Батыр ерлігі – ел есінде

Халық батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 101 жыл және Жеңіс туын көкке көтергеніне 80 жыл толуына орай елордадағы Р.Қошқарбаев атындағы №44 орта мектепте салтанатты жиын өтті.

Сарайшық ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, белсенді тұрғындар және мектеп ұжымы ұйымдас­тырған мерекелік іс-шара әскери киімдегі 101 оқушының келген қонақтарды тік тұрып қарсы алуымен басталды. Жиынға «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-­майор Марат Нұғұманов, қалалық Ардагерлер кеңесінің орынбасары Мұрат Іргебаев, Сарайшық ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Азат Баужанов, Рақымжан Қошқарбаев ағасының қызы Маржан Нұрмағанбетова және келіні Қалам Темірова қатысып, батырдың ерлігін ұлықтады.

Алдымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеология жұмыстары департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев құттықтау сөз сөйледі.

– Осыдан 80 жыл бұрын жауынгерлер Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа қызыл ту тікті. Олардың әрекеті ерлік мен жанқиярлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың шынайы көрінісі еді. Рейхстагқа ту тіккен біздің батыр бабамыз тек қана соғыс батыры емес, ол – шынайы патриотизм, қайсарлық пен жасампаздықтың символы. Бүгінде біз Рақымжан Қошқарбаев ерлігінің алдында бас иеміз. Жеңіс туы – халқымыздың қайсарлығы мен бірлігінің символы. Тарих бізбен бірге жасалады. Сіздер сол тарихтың жалғасысыздар. Сондықтан істеріңіз, армандарыңыз және білімдеріңіз күшті, бейбіт және тәуелсіз елдің дамуына қосқан үлестеріңіз зор болсын! – деді әділет полковнигі.

Ерлікке құрмет ретінде мектеп­тегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды және батырды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Мереке барысында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ансамблінің солистері ән шыр­қап, Аманжол Унисбаев жетекшілік ететін «Батырлар» клубының мүшелері өз өнерін ортаға салды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button