Басты бағыттар бағамдалды

Астана қаласындағы №1 индустриялық парк аумағында орналасқан кәсіпорындар ұжымдарымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.
Жиын алюминий және фиброцемент негізіндегі құрылыс материалдарын өндіретін «MetalFormer», электр жабдықтарын өндіретін «Bolashak Electric», құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын «Spectrum Plus» зауытында және қабырға панельдері мен металл бұйымдарын шығаратын «ComInvest Group» зауыттарының ұжымдарында өтті.
Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Сарыбайұлы, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов және «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы Асхат Бекеев қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Атап айтқанда, құжат еліміздің саяси және құқықтық дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам екені, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталғаны айтылды. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқарудың ашық әрі жауапты болуына ықпал ететіні аталып өтті.
Сонымен қатар Конституцияның преамбуласында белгіленген жаңа құндылықтарға да ерекше назар аударылды. Онда елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау, ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау негізгі бағдар ретінде айқындалған. Бұл құндылықтар әр азамат үшін ортақ мақсат пен жауапкершілікті білдіреді.
Сондай-ақ депутаттардың пропорционалды жүйе арқылы сайлануы саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратыны айтылды. Бұл партиялардың тек сайлау кезеңінде ғана емес, тұрақты түрде қоғаммен жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз пікірін білдіріп, сұрақтарын қойды.



