Баспасөзге жазылу басталды

Кеше «Қазпошта» мекемесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Баспасөзге жазылушылар күні» іс-шарасы өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен оқырмандар бас қосқан іс-шараны «Астана поштамты» филиалының директоры Қайсар Шалабаев құттықтау сөзбен ашып, редакция және пошта қызметкерлеріне, сондай-ақ баспасөз жазушылар күніне орай шақырылған қонақтарға алғысын жеткізді. «Өткен жылы «Астана поштамты» арқылы шамамен 30 мың адам газет-журналдарға жазылды. Біздің мекеме алдағы уақытта да баспасөз бен оқырман арасында дәнекер болып, қызметін жалғастыра береді» деп атап өтті.
Іс-шара барысында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Түркістан» және басқа да газет-журнал басшылары пошта қызметкерлері мен оқырмандарға алғыс білдіріп, бірқатар пошта қызметкерлеріне сый-сияпат берді.
«Elorda Aqparat» медиасеріктестігі атынан пошта қызметінің ардагері Светлана Пищенко мен Айдана Ахметоваға алғыс хат пен сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ іс-шара барысында газет-журналдарға жазылған алғашқы он адамға «Қазпошта» мекемесі атынан да сыйлықтар берілді.
Сонымен, 2026 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталды. Биыл 35 жылдығын атап өтіп отырған «Астана ақшамы» газетіне жеке жазылушылар үшін жазылу бағасы 6 айға 6 062 теңге, 12 айға 12 125 теңге болып бекітілді.