Баспасөздің бұқаралық мәні кеміп кетті
Аяған САНДЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Аяған Сандыбай – елімізге белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол – баспасөздің барлық саласында, яғни, газет-журналда, ақпарат агенттігінде, телерадио корпорациясында, жоғары мемлекеттік органның баспасөз қызметінде және баспада жемісті жұмыс жасап, мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Бұл саланың қыр-сырын терең біледі. Бірқатар кітаптардың авторы. Әріптестері Аяған Сандыбайдың аудандық газеттің әдеби қызметкерінен «Қазақстан» телерадио корпорациясының бірінші вице-президенті, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген саясаткер, қайраткері ретіндегі еңбек жолына жоғары баға береді. Кезінде «Астана ақшамы» газетіне редакторлық еткен, мерейлі жастың белесіне абыроймен көтерілген әріптес ағамызға мол жақсылықтар тілей отырып, сұхбатын жариялаймыз.
– Аяған Өтенұлы, баспасөздің беделі қазір қандай деңгейде?
– Бүгінгі таңда журналистика саласы толыққанды болмай тұр. Ақпарат құралдары үгіттеумен айналысып кеткендей. Кейде сол жетістіктерді насихаттауға да деңгейлері жетпей жатады. Өйткені БАҚ арасында бәсекелестік жоқ. 2005 жылдан бастап газеттердің қатары сиреп келеді. «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Ана тілі», «Түркістан», «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Казахстанская правда», «Время», «Литер» және басқа санаулы басылым ғана оқырман қолына тиеді. Мысалы, біз бұрын «Ленинская смена», «Лениншіл жас» журналистерінен қалмаймыз деп талпынатын едік қой. Қазір ондай жарыс, бәсеке жоқ. Сол «Ленсмена» – Экспресс К», «Караван», «Алаш айнасы» сияқты басылымдар жабылып қалды. Бұрынғыдай шығармашылық бәсеке жанрлық жаңалықтар, ізденістер, жаңа тұрпатты кейіпкер табуға деген құлшыныс жоқ. Бүгінгі таңда біздің басылымдарда тек қана екі жарым жанр бар деп айтуға болады. Ол қысқа хабар және оның көлемді түрі – корреспонденция және сұхбат. Басқа жанрлар ұмыт қалған деуге болады. Очерк, суреттеме, репортаж, фельетон, эссе, рецензия, нон-фикшн, шұғыл-сұрау салу дегендер жайына қалды. Ең керегі сараптамалық материалдар жазу да біртін-біртін қалып барады. Өйткені ол жанр үлкен зерттеуді, көп еңбек етуді талап етеді. Журналист мәліметтерді айлап жинайды, ол тек дәйекті деректер болуы керек. Дегенмен қазір қандай өзекті мақала жазса да, оған қарайтын, жауап беретін ешкім жоқ. Сондықтан, ең өкініштісі, баспасөздің пәрмені төмендеп кетті. Егер саған тиісті билік орындарынан ешкім жауап бермесе, қоғамда пікірталас туғызбаса, барлық жұмысыңның босқа кеткені! Мықты журналист екі-үш рет жазар, содан кейін меселі қайтады. Ондайды өз басымнан да өткердім.
Егер журналистердің жазғанына мән беріп, қорытынды шығарып қарап отырған билік болмаса, газет-журналдардың беделі түседі. Бұрын «Неге пәрменсіз?» деп сұрайтын. Кеңес өкіметі кезінде сондай талап болды. Қоғамда резонанс тудырмаған материал редакция басшылығы тарапынан сынға ұшырайтын еді. Біз сондай мектептен өттік. Қазір құзырлы органдар ең өткір мәселелерге де жауап бермейді.
Баспасөзге абырой бермейтін тағы бір жағдай. Бұрын қалыптасқан дәстүр бойынша медиа саласы бір оқиғаны болған кезде ғана жазатын еді. Мысалы, жаңа зауыт ашылды, алғашқы өнімдерін шығарды. Сол күні ақпарат берілетін-ді. Немесе қомақты өндіріс пайдалануға берілгенде ғана жазатынбыз. Бүгінде мүлдем басқаша. Әлі қолға алынбаған істі халыққа жариялап жібереді. Айталық, «Біз осы жерде үлкен құрылыс салатын боламыз!» деп әлемге жар салады. «Келесі жылы осындай жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» деп басшы өз сұхбаттарында айтуына болады. Ал бүкіл журналисті жинап, әлі қаржысы бөлінбеген жобаны саламыз деу асыра сілтеу сияқты. Сондай жоспарлардың қаншамасы іске аспай қалғаны белгілі. Мұндай ақпаратты оқыған оқырман «Бұл тағы да кезекті өтірік қой!» дейтін жағдайға жеттік. Жалпы, әлі іске аспаған дүниені «болады» деп баспасөз бетінде айту сенімсіздік туғызады. Бұл баспасөздің беделіне нұсқан келтіреді.
Кеңес уақытында «оқиға болды!» деген қағиданы ұстандық. Әлі есімде. Алматыда Көктөбе жотасындағы телемұнара салынғанда оның ұшар басындағы «найзасын» жаз айында түнгі сағат 3-те тікұшақпен қондырды. Күндізгі уақытта ыстықта мұнара қисайып кетуі мүмкін, негізгі тірек болатын бөлшектері өзгерістерге (деформацияға) түсуі ықтимал деп түнде бекітті. Мен сол түні ТАСС агенттігі арқылы «Қазақ телевизиясының телемұнарасы күміс жебедей көкке ұмтылды. Бұл – Орталық Азиядағы ең биік телемұнара!» деп басталатын ақпарат жібердім. Осы жаңалық жарты сағаттан соң, бүкілодақтық радиодан дүйім жұртқа жария етілді. Сондай-ақ орталық және басқа телеарналар да сол ақпаратты таратты. Ол нақты сол уақытта берілген және ел сенетін хабар болды.
– Тағы қандай кемшіліктер орын алуда?
– Қазір сын материалдар аз деп айтуға болады. Газет пен журнал оқырманды тарта білуі үшін оның ішінде жүрекке жылы тиетін суреттеме болуы тиіс. Бүгінде мемлекет қайраткерлері туралы мақала көп жазылады. Ол тұлғаның қашан, қайда дүние келгені, қайда оқығаны және қандай лауазымдар атқарғанын тізіп шыққаннан не мақала, не очерк болмайды. Мұндай дүние ешкімге қызықты емес! Жазған адам мен мерейтой иесінің өзі ғана «сүйсініп» оқитын өткен кезеңдердің тізбесі болып қала бермек. Ал оның азаматтық тұлғасы қалай қалыптасты, қандай өмір мектебінен өтті, кедергілер мен қиындықтарды жеңе білгені, кейінгі толқынға үлгі боларлық қасиеттері мен істері арқылы адамның портретін жасай білуіміз керек қой! Жазып отырған адамыңның жақсы қасиеттерін, ерекше қабілетін жеткізе білумен қатар, тағы бір маңызды жайт бар. Журналист үшін оқырманнан айырылып қалмау өте маңызды! Мақалаңның бірінші жолынан соңына дейін оқуына ықпал ететін бір тәсіл бар. Оқырманды ұстау үшін танымдық жолдарды қосуың керек. Айталық, тарихи параллельді пайдаланған жөн. Тұлғаның өмір және еңбек жолын тарихи оқиғалармен байланыстыра білгенің абзал. Сонда ол оқырман үшін тартымды болады әрі есіңде қалады. Ең болмаса, қызықты жайттар қамтылып, ой туғызатын әсерлі жолдар керек. Сонда ғана очеркің «сөйлеп» кетеді! Тіл байлығын пайдалана білу керек. Болмағанда оқырманға бір ой туғызатын жарияланым болғаны жөн.
Біз – газет-журнал оқып өскен заманның ұрпағымыз. Әр адам қолына алған басылымның бастапқы бетінен соңғы бетіне дейін оқып шығатын-ды. Ал қазір бір тұлға туралы жазылған мақаланы оқи қалсаң, ол публицистикалық материал емес, көлемі ұлғайтылған мақтау қағазының мәтіні сияқты! Міне, оқырманнан айырылудың бір жолы – осы. Сондықтан да қазір газет бетінен өткір сыни немесе шынайы сараптама материалдарды көп кездестіре алмайсың. Баспасөз билік құрылымдарының тапсырысы, мүддесі үшін ғана қызмет ететін құралға айналып кеткендей.
Мен БАҚ саласындағы көкейкесті мәселелерді айту үшін алдағы басқа қызметке ауысқан екі министрге кірдім. «Бүгінгі баспасөзді дамытуға не қажет?» деген сұрақ төңірегіндегі ойларымды үш параққа жазып алып бардым. Сала басшыларына: «Газет, журнал мемлекет пен халықтың қаражатына шығып жатыр. Пайдалы, тиімді баспасөз болуы керек қой. Өркениетті мемлекет құруымызға көмектесуі қажет» деп айттым.
Израиль – шағын ғана мемлекет. Ол елде мынадай жақсы дәстүр болған. Жыл бойына шыққан кем дегенде 5-6 мықты сын материалды ел Парламенті – Кнессеттің отырысында қарайды екен. Жан-жақты талқылай келіп, депутаттар тиісті шешім қабылдайды. Мәселен, ауыл шаруашылығын алайық. Мал өсіруде кемшілік бар деп сынады делік. Сын мақалада қалай өзгерту туралы ұсыныстар да жазылады ғой. Бұл мәселені зерттеп, қандай көмек көрсету керек, соған орай мемлекет деңгейінде шешім қабылданады. Нәтижесінде журналист жазған салаға оң өзгерістер жасалады. Міне, ортақ мүдде, бір мақсат деген осы! Өкінішке қарай, осы мысалды мен жиі айтып та, жазып та жүрмін. Бірақ «еститін мемлекет» тағы да естімей жүр. Біздің елде де осындай бастаманы қолға алсақ, оның пайдасы мол болатыны сөзсіз.
Біздің журналистер сын мақалада өзі зерттегенін, қолға түскен деректер бойынша жазады. Мүмкін толық картинаны бере алмайтын шығар? Енді Үкімет, министрлік оған мән беріп, сынға ұшыраған саланы жан-жақты зерттеп қарау керек қой. Бұл іске ғалымдарды, тиісті мамандары тарту қажет. Сараптамалық материал дайындап, бір шешімге келетін болса, ұтарымыз көп. Мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізіп, орындаушыларға жіберіп, оның жүзеге асуын қадағалаған дұрыс болады. Кешенді бағдарламаларды қалай орындау керек? Сол жөнінде келелі талқылаулар болғаны жөн.
– Осындай жайттарға ерекше назар аудару үшін не істеу керек?
– Әрине, ортақ іске бәрі де үлес қосуы қажет. Президент Әкімшілігі де, Үкімет те, Парламент те сын материалдарға баса назар аударуы тиіс. Ол елеусіз қалмауы керек. Айталық, Мемлекет басшының құзырындағы және соған тікелей жауап беретін бір шағын құрылым құрылса орынды болмақ. Ол мекеменің қызметкерлері газет, журнал радио мен телеарналарда шыққан материалдарға сараптамамен бақылап отырса, өткір материалдарға талдау жасап, сынға іліккен лауазымды тұлғалардың жауап беруіне ықпал ететіндей шешім шығарылуына алып келуі керек деген ұсыныс жасадым. Сын мақалада кім кінәлі екені де жазылады. Мысалы, бұрынғы кездегідей өндіріс орнында кемшіліктердің орын алуына бас директор не басқа тұлға кінәлі болса, мақала жарияланған газетке, не басқа БАҚ-қа жауап беруі тиіс. Жауап бермей, қозғалмай отырса, аталған құрылым неге жауап бермей отырғанын сұрауы қажет. Керек десеңіз, ықпалды болуы үшін осындай комиссияны Президент жанынан ашу керек. Сонда қоғамда үлкен серпіліс пайда болады. Жауап бермеген мекеме басшыларына тиісті шара қолдануға дейін баруы қажет. Жалпы, баспасөзге шыққан сын мақалаға жауап бермеу – мәдениетсіздік. Кейде оған қоса кемшілікті, ұрлықты, жемқорлықты, тағы басқа қылмыстарды жұртшылыққа білдірмеудің жолы. Ал егер мекеме басшысының жұмысы ашық, қолы таза болса, оны журналист жөнсіз сынаған болса, онда мақалада келтірілген деректер бойынша барлық мән-жайды дәлелдеп беруі керек. Тіпті сотқа жүгінуіне де болады.
Қазір бізде телеарналар мен радиолар көп. Сайттар мен әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарататындар да көбейді. Телеарналарда көбіне шоу бағдарламалар, ойын, әзіл-қалжыңдар. Әрине, көңіл көтеру бағдарламасы болғаны жөн. Ол да – халыққа ұсынатын өнімнің бірі. Сонымен бірге көрерменді ойландыратын телебағдарламалар көбірек болса.
– Біздің баспасөзде біржақтылық белең алып кетті. Тек басшы қызметте жүргендерді дәріптей береді. Солардың көлдей сұхбаттары жарияланады. Осы дұрыс па?
– Ең дұрысы, бірінші кезекте қажырлы жұмыс жасап жүрген ел ішіндегі адал іскерлердің, қатардағы мұғалім, дәрігер, қарапайым адамдардың еңбегі жоғары бағалануы тиіс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ұстанымы халықтың қолдауына ие болуда. Қазір еңбек адамдарына құрмет көрсету үрдісі қалыптасып келеді. Қаншама отандастарымыз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болуда. Енді осы бағытты дамыта беру керек. Баспасөзде еңбек адамдары туралы көп жазылуы тиіс. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл дер кезінде қолға алынған бастама деп ойлаймын.
Менің ойымша, баспасөз бұқаралық мәнге ие болуы керек. Еңбек адамдарының, қарапайым азаматтардың өзекті мәселелерін зерттеп, өткір тақырыптарды көтере білсе, халықтың қолдауына ие болатыны анық. Медиа саласы қоғам мүддесі үшін қызмет жасауы керек. Баспасөздің тәуелсіз мемлекетімізді дамытуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға қосар үлесі қандай десек, міне, осы әлсіз тұсымызды күшейтіп алуымыз қажет-ақ! Сонда ғана шынайы, өркениетті, әділ де ашық мемлекет бола аламыз.
Қазақстанның білімді, ақылды, парасатты, мәдениетті азаматын қалыптастыруда баспасөздің рөлі айрықша! Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ғажап сөзі бар ғой. Сол сияқты ел боламыз десек, халықтың көзі мен құлағы болып отырған баспасөзімізді түзеуіміз қажет!
– Қоғамның басты дерті қандай?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары баспасөз алдында негізгі үш мақсат тұрды. Біріншіден, БАҚ арқылы жалпыға ортақ құқықтық мәдениетті қалыптастыру, екіншіден, көпұлтты ел болған соң, ұлтаралық келісімді нығайту және үшінші бағыт – кешегі кеңестік жүйеде өсіп-жетілген азаматтардың нарық экономикасына бейімделуіне белсенді атсалысу қажет. Осы үш саланы насихаттау басты міндетіміз болды.
30 жыл ішінде рухани-мәдени құндылықтарымыздың жас ұрпаққа сіңіру барысында кемшіліктер орын алды. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тағылымды тәрбиесіне терең мән бермей кеттік. Мысалы, ұят, ар, намыс деген адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеу керектігі ұдайы айтылмады. Соның салдарынан министрлер, басқа да лауазымды басшылар ұры, жемқор, бюджет қаржысын жымқырушы болып шығады. Мемлекеттік қызметкер деген атақты әрдайым абыроймен алып жүретін азаматтардың сиреп бара жатқаны өкінішті. Қазіргі жастар министр, комитет төрағасы болайын деп талпынбайды. Өйткені олардың санасында төрде отырған «ағашкалар» жемқорлар, өзінің тума-туыстарын жинап алған сыбайластар болып көрінеді. Сөйтіп, мемлекеттік қызметкердің беделін, деңгейін түсіріп алдық.
– «Кітап оқитын ұлт» жобасы туралы не айтасыз?
– Бүгінде әлеуметтік желілердің пайдасы мол. Дегенмен сондай артықшылықтарымен қатар оның бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруда қауіп төндіретін жағы да бар. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, республиканың барлық өңірлеріндегі 2000 респонденттің көпшілігі кітап оқымайды екен. Отандастарымыздың 52,6 пайызы қағаз кітаптарды мүлдем оқымайды. Өкінішке қарай, статистика жас топтарына орай шынайы жағдайды үнемі объективті түрде көрсете бермейді. Алайда Қазақстан жастарының ортақ мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын кітап оқуға деген ынтасының төмен болуы бізді қатты алаңдатады. Өйткені кітап ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтап, арттырып қана қоймай, мемлекетімізді дамытуға және нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Осындай рухани апаттың алдын алу мақсатында, мәселен, Австралияда да балалардың смартфонды пайдалануына тыйым салатын заң қабылдануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың II отырысында: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ біз бұл мәселемен айналысуымыз керек. Басқа жол жоқ» деп ашық айтты. Бұл – біздің қоғамды, әсіресе, ата-аналарды ойландыратын өзекті мәселе.
Сұхбаттасқан Айбатыр СЕЙТАҚ,
журналист