Баспаналы болудың тиімді жолы: елордалық жас отбасы өз тәжірибесі жайлы айтты

Астанада осыдан тура 5 жыл бұрын жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз алғашқы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, , деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл көптеген жастың өз пәтерін сатып алу үшін ақша жинауға мүмкіндік болды. Енді олар «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша баспаналы бола алады.
Жалдамалы пәтерді алғандардың бірі 32 жастағы астаналық Асқар Зұлқарнаев өз тәжірибесін егжей-тегжейлі айтып берді.
Елордада құрылысшы болып жұмыс істейтін Асқардың келіншегі – дәрігер.
«Мен 2018 жылы шаңырақ көтердім. Келіншегім – дәрігер, ал өзім – құрылысшымын. Үйленгеннен кейін келесі жылы осы бағдарламаға құжат тапсырдым. Нәтижесінде біз конкурстардан өттік. Сөйтіп, бізге қаладағы Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйден 1 бөлмелі пәтер берілді. Оған ай сайын шамамен 5600 теңге төледік», – деді ол.
Елордалық жас отбасы жалдамалы пәтерде тұрып, өздерінің жаңа баспанасына қаражат жинаған.
«Биыл көктемде біз орталықтан «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша 2 бөлмелі пәтер сатып алдық. 48 шаршы метр пәтеріміз Бейбітшілік және келісім сарайы жақта орналасқан. Тұрғын үй кешені бізге бірден ұнады: сәулеті заманауи, орналасқан жері ыңғайлы. Бастысы бұл өзіміздің баспанамыз. Менің ойымша, екі баласы бар жанұя үшін бұл өте қолайлы жер. Үйіміздің жанында балабақшалар, мектептер, саябақтар бар. Балаларымыздың үлкені 6 жаста, биыл 1-сыныпқа барды, ал кенжесі – 1 жаста», — деді Асқар Аманғалиұлы.
Сондай-ақ ол бағдарламаның пайдасы туралы да айтты.
«Мемлекет тиімді шарттармен ипотека ұсынып отыр. Бұл бағдарлама, әсіресе, жұмыс істейтін жастар үшін өте қолжетімді. Мұнда бастысы Астанада тұрақты тіркеудің болуы, соңғы 5 жылда жылжымайтын мүліктің болмауы, табыс мөлшерінің шартқа сәйкес келуі қажет. Жастарға айтарым, осы мүмкіндікті қолданып үлгеріп қалыңыздар. Ал жалдамалы пәтерде тұрсаңыздар, онда бастапқы жарнаға міндетті түрде ақша жинаңыздар», — деп кеңес берді Асқар Аманғалиұлы жас отбасыларға.
Айта кетейік, бұл бағдарлама жастарға жеңілдікпен несие беруді ұсынады. Несиенің мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз. Ал тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.